«Маған жемқор деді»: Ұлытау әкімі көпбалалы анамен TikTok-тағы видео үшін соттасты

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Дастан Рыспеков көпбалалы ананы сотқа беріп, 495 мың теңге айыппұл салдырған /Фото: ОКҚ

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков көпбалалы ана Әсел Айтмағамбетованы не себепті сотқа бергенін түсіндірді.

Брифинг барысында БАҚ өкілі өңір тұрғыны Әсел Айтмағамбетова өңірдегі әлеуметтік мәселелерді, әкім жұмысына қатысты сыни пікірін жариялай бастағаннан кейін, үстінен әкімшілік іс қозғалып, сот шешімімен оған ірі көлемде айыппұл салынғанын айтты. Журналист әкім жұмысын сынға алған әр тұрғынды осылай жауапқа тарту қаншалықты орынды екенін сұрады.

Аймақ әкімінің сөзінше, азаматша мамыр айында Қостанайдан Жезқазғанға қоныс аударған. Содан соң Айтмағамбетова осы аймақтың тұрмыстық жағдайын өз көзімен көріп, проблемаларын айта бастаған. Ал әкім оны сотқа беру себебін негізсіз жала жабылды деп түсіндірді.

«Бұл азаматша соңғы он бес жыл Жезқазғанды тұрмаған. Осы жылдың мамыр айында келіп, өңірдің проблемаларын көрсетті. Ал сотқа берген себебім, өңірдің проблемаларын көрсеткені үшін емес, ол кісі маған «жемқор» деп жала жапты. Заңға сәйкес, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін біз ол кісіні шақырдық. Ол кісі өзінің талаптарын айтты. «Кезексіз үш бөлмелі пәтер беріңдер, әлеуметтік көмек мөлшерін ұлғайтыңдар, қосымша қаржылай көмек көрсетіңдер» деген сияқты талаптарын қойды»,– деп түсіндірді Дастан Рыспеков.

Облыс басшысы азаматша репутациясына нұқсан келтіргенін айтады. Дегенмен сотқа бермес бұрын, түсіндіру жұмысын жүргізіп, тіпті медиация жөнінде келісімге келмек болған.

«Тиісті сот сараптамасы шықты. Ал соттың алдында оған медиация жөнінде ұсыныс айттым. Мені негізсіз жемқор деп атағаны үшін ресми түрде кешірім сұрауын да жеткіздім. Керісінше TikTok арқылы өмірдің дамуына ат салысуға халыққа үндеу тастаңыз деген медиативті ұсыныс білдірдім. Ол кісі «маған хайп керек» деп келісімге келмеді. Сондықтан заңға сәйкес шешім қабылданған болатын»,– дейді әкім.

Еске салайық облыс әкімі мен көпбалалы ана арасындағы дау осыған дейін БАҚ беттерінде жарияланған болатын. Ондағы мәліметке сенсек, Әсел Айтмағамбетоваға  сот шешімімен 495 432 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Сондай-ақ оқыңыз