«Қайрат» ойыншысы Беларусьте жыл футболшысы атанды

Алматылық «Қайраттың» жартылай қорғаушысы Валерий Громыко 2025 жылы Беларусьтің ең үздік футболшысы атанды. Мұндай мәртебелі атақ танымал «Прессбол» басылымы жүргізген дәстүрлі сауалнама қорытындысы бойынша берілді.
28 жастағы футболшы 890 ұпай жинап, айқын басымдықпен жеңіске жеткен. 247 респондент Громыкоға бірінші орын, 69-ы – екінші, 11-і – үшінші орын берген.
Қайрат ойыншылары алғашқы екі орында
Громыконың басты бәсекелесі – оның әріптесі әрі Беларусь құрамасының ойыншысы Александр Мартынович болды. 38 жастағы орталық қорғаушы 514 ұпай жинап, екінші орынға табан тіреді.
Үздік үштікті былтырғы жеңімпаз – 22 жастағы қақпашы Федор Лапоухов (ЦСКА, Болгария) 234 ұпаймен түйіндеді.
Ал үздік ондықты «Астана» мен Беларусь құрамасының ойыншысы Макс Эбонг түйіндеді.
Громыко: «Алматы мен жанкүйерлерді ерекше жақсы көремін»
Жеңімпаз сұхбатында Алматыдағы өмірді, «Қайратты» және жанкүйерлерін ерекше ықыласпен атап өтті. Сондай-ақ командадағы талантты жас ойыншы Дастан Сатпаевқа арнайы тоқталды:
«16-17 жастағы футболшылардың ішінде ең мықтысы – Дастан. Өте еңбекқор, өте талантты жігіт. «Челсимен» келісімшартқа отырғаннан кейін алғашқыда қиын болды, бірақ бір жылдың ішінде жақсы бейімделді», – деді Громыко.
Громыконың мұндай жетістігі – алматылық клуб үшін де үлкен абырой. «Қайрат» футболшыларының елдерінде үздік атануы қазақстандық футболдың да деңгейін көрсетеді.
Еске сала кетейік, алматылық «Қайрат» футбол клубы 9 желтоқсан күні Астанада грекиялық «Олимпиакос» командасымен кездеседі.