Тоқаев таеквондодан Әлем чемпионы болған Бейбарыс Қабыланды құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев таеквондошы Бейбарыс Қабылан Әлем чемпионатындағы жеңісімен құттықтарды, деп хабарлайды Ақорда.
«Бейбарыс Қабыланды таеквондодан 21 жасқа дейінгі жастар арасында Әлем чемпионы атануымен құттықтаймын! Ол Кенияда өткен байрақты бәсекеде еліміздің мерейін үстем етіп, Қазақстан тарихында таеквондодан алғашқы алтын жүлдені жеңіп алды. Спортшының алар асуы, бағындырар биігі көп болуына тілектеспін», – делінген Ақорда жариялаған құттықтауда.
Бейбарыс Қабылан бүгін Кенияның Найроби қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатының финалында Оңтүстік Кореядан келген спортшы Ян Чжуненді жеңіп, 87 келі салмақтағы Әлем чемпионы болды.
Финалға шыққанға дейін Бейбарыс төрт жекпе-жек өткізіп, Үндістан, Түркия және Ираннан келген қарсыластарынан басым түскен.
21 жасқа дейінгі жастар арасындағы Әлем чемпионаты алғаш рет өткізіліп отыр. 3-6 желтоқсан аралығында өтетін турнирге 79 елден 452 спортшы қатысады.