Зейнетақы қаржысы енді офтальмология үшін алынбайтын болды

Офтальмологиялық қызметтерді біржолғы зейнетақы төлемдерімен төлеуге арналған өтінімдер enpf-otbasy.кz платформасында қабылданбайды.
Бұл өзгеріс 4 желтоқсаннан бастап күшіне енеді. Десе де, осы күнге дейін жолданған барлық өтінім бұрынғы тәртіппен қаралады.
Atameken Business ақпаратына қарағанда, өтінім қабылдауды тоқтату – Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен жаңа ережелерге байланысты. 3 желтоқсанда жарияланған бұйрыққа сәйкес, енді зейнетақы жинағын стоматологияға да, офтальмологияға да қолдануға рұқсат жоқ.
Стоматология бағыты жабылғаннан кейін, офтальмологияға сұраныс 7 есеге өсіп, 1 264 өтінімге жеткен.
«Банк тексеріс барысында күмәнді жағдайларды да анықтады. Әртүрлі клиенттер бір клиникамен келісімшарт жасағанымен, құжаттарда клиниканың мекенжайы әр қалада әртүрлі көрсетілген. Тексеру кезінде бұл мекенжайларда ондай клиника мүлде жоқ екені белгілі болды», – делінген Отбасы банк хабарламасында.
Дегенмен, бірқатар бағыттар тоқтағанына қарамастан, азаматтар зейнетақы жинағының қолжетімді бөлігін маңызды әрі қымбат емдерге пайдалана алады.
Олар:
– орфандық, яғни сирек ауруларды емдеу;
– реконструктивтік және қалпына келтіру операциялары;
– радио-йод және радионуклидті терапия;
– радиохирургиялық ем;
– протондық терапия.
Мұның алдында баспана мен ем үшін зейнетақы қорынан алынған ақша табыстан асып түскені туралы ақпарат шықты.