Оқушыларды әскерге жаңа форматта дайындайды: АӘД сабағына қойылатын талаптар өзгерді

Қазақстанда алғашқы әскери дайындықтың жаңартылған ережелері бекітілді. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тиісті бұйрыққа ведомство басшысы қол қойды. Жаңа ережелер мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында АӘД пәніне бірыңғай тәсілді көздейді. Ең алдымен, пәнге бұрынғы тарихи атауы – «Алғашқы әскери дайындық» қайтарылды (қазіргі атауы – «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық»).
Сабақ барысында практикалық жаттығулар мен оқу-далалық жиындар көбейтіледі. Сонымен қатар, оқушыларға әскери қызметшілердің құқықтары, міндеттері және әлеуметтік кепілдіктері туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
«Біз пәнді оның нақты мазмұнына сай етеміз. Бұл азаматтарды армияға дайындаудың бірінші кезеңі. Балалар әскери қызметшінің жарғысын, міндеттерін, қызметтен кейінгі құқықтары мен кепілдіктерін түсінуі керек. Бүгінгі әскер – бұл нақты мамандық пен білім алудың мүмкіндігі. Мектеп оқушыларының бұл жайлы алдын ала білгенін қалаймыз», – деді Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева.
Оның айтуынша, алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беретін мұғалімдердің педагогикалық білімі мен әскери қызмет өтілі болуы шарт. Қазір осы пән бойынша жұмыс істеп жүрген ұстаздар қызметін жалғастыра береді. Ал әскери қызмет өтілі 10 жылдан асатын әскери қызметшілерге педагогикалық қайта даярлаудан тегін өту мүмкіндігі беріледі.
Мұның алдында мектептерде алғашқы әскери дайындық сағаты көбейетіні жайлы жазған едік.