Теңге неге күшейді: Ұлттық банк алыпсатарлар араласқанын жоққа шығарып отыр

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Нацбанк про инфляцию
Ұлтты бан теңге бағамы неге нығайғанын түсіндірді / Фото: ҚР Ұлттық банкі

Ұлттық банк валюта нарығында алыпсатарлар «араласып» жатқан жоқ деп тұжырымдайды. Бас банк таратқан хабарламада теңге Ұлттық банк пен Үкімет ұстанған үйлесімді саясаттың арқасында нығайып жатқаны жазылған. Реттеуші валюта нарығындағы жағдайды қатаң бақылап отырғанын және оған араласуға еш себеп жоқ екенін айтады.

«Ұлттық Банк еркін өзгермелі айырбас бағамы режимін сақтайды және теңге бағамының екіжақты қисынды құбылмалылығына жол береді.Валюта нарығындағы жағдай тұрақты бақылауда. Қазіргі уақытта Ұлттық Банк алыпсатарлыққа қатысты белсенділікті және оған араласуға итермелейтін қандай да бір факторларды байқап отырған жоқ», – делінген хабарлама.

Қазан айынан бері теңгенің долларға шаққандағы айырбас бағамы 499-500 теңге деңгейіне дейін (9%-ға) нығайды.

«Ұлттық валютаның нығаюы қолайлы сыртқы жағдайлардың және дәйекті макроэкономикалық саясат пен инвесторлар тарапынан жақсарған күтулердің үйлесім тапқанын көрсетеді», -дейді бас банк.

Ұлттық банк әсер етуші сыртқы фактор ретінде мұнай бағасының барреліне 60 доллардан сатылуы мен дамушы нарықтардағы валюталар индексінің 8,3%-ға нығаюын атап отыр.

«Осы жағдайлардың аясында дамушы елдердің активтеріне, соның ішінде Қазақстан нарығына деген халықаралық инвесторлардың қызығушылығы жоғары деңгейде сақталып отыр», – тұжырымдайды ҰБ.

Олдан бөлек, шетелдік инвесторлар тарапынан шетел валютасының өспелі ұсынысы теңгенің нығаюына тікелей фактор болғанын атап өткен.

«Сонымен қатар, ұлттық валютаның нығаюы инфляцияны тұрақтандыруда маңызды фактор саналады. Тұтыну себетінде импорт үлесін ескере отырып, теңгенің нығаюы сыртқы баға қысымының ішкі бағаларға берілуін шектейді», – делінген хабарламада.

Бас банк айырбастау бағамының қазіргі динамикасы экономикалық саясаттың сапасы жақсарғанын және мейілінше болжамды макроорта қалыптасқанын көрсетеді деп тұжырымдайды. Соның нәтижесінде жаһандық инвесторлар Қазақстанды оң бағалап, елге портфельдік инвестициялардың келуіне жол ашқан.

«Ұлттық Банктің бірізді әрі қалыпты қатаң ақша-кредит саясаты баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге берілген маңызды сигнал саналады. Бұл өз кезегінде инвесторлардың теңгемен бағаланатын құралдарға сенімін күшейтеді», – дейді бас банк.

Бұған дейін сарапшылар теңге жоғары базалық мөлшерлеме есебінен пайда тапқысы келген шетелдік инвесторлардың әсерінен нығайып жатқанын айтқан. Олар шетелден арзан доллларды алып келіп, оны теңгеге айырбастап, бұл ақшаға мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алған. Алайда қаржыгер Арман Бейсембаев мұндай ақша қысқа мерзімді және нарықтан тез шығып кетуі мүмкін екенін ескерткен.

Сондай-ақ оқыңыз