1,1 трлн теңге: халықтың үш ай төлемеген борышы артып барады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Как выбраться из кредитов казахстанцам, рассказал финансист
90 күн кешіктірілген кредит көлемі артып барады / Фото: kursiv.media архиві

2025 жылғы 1 қарашадағы мәлімет бойынша, халықтың 90 күн төленбеген берешегі 1,1 трлн теңгені құрады. Бұл көрсеткіш жыл басындағы деңгейден жоғары және банктер берген несиенің 4,5 пайызын құрайды. Соған қарамастан банк секторындағы жалпы несие портфелінің сапасы тұрақты деп бағаланған.

Елдегі банк жүйесі 23 екінші деңгейлі банктен тұрады соның ішінде 15 банктің шетелдік акционері бар.

Сектор активтері 2025 жылғы қазанда 1,1%-ға өсіп, 67,8 трлн теңгеге жетті. Өсімнің негізгі көзі – несие портфелінің 42,1 трлн теңгеге дейін ұлғаюы. Жүйедегі өтімділігі жоғары активтер 19,6 трлн теңгеге жетіп, барлық активтердің 28,9%-ын құрады. Бұл банктерге өз міндеттемелерін толық жабуға мүмкіндік береді.

Банктердің кәсіпкерлерге берген несие көлемі артты

Экономикаға берілген кредит көлемі артқан. Қазан айында банктердің бизнеске берген қарыздары 1,4%-ға өсіп, 14,9 трлн теңгеге жетті. Ең үлкен өсім айналым қаражатын толықтыруға берілген несиелер есебінен байқалды.

Ірі бизнеске берілетін қарыздар 2,7%-ға, шағын және орта бизнеске берлген несие 0,1%-ға көбейді. Дара кәсіпкерлерге берілген кредиттер жыл басынан бері 31%-дан аса өсім көрсетті.

Салалар бойынша несие сұранысы да артты. Өнеркәсіп, сауда, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік, ақпарат және байланыс салаларында кредит беру жыл басынан бері айтарлықтай ұлғайды. Мәселен, ақпарат және байланыс саласында өсім 37%-дан асты.

Жаңа бизнес несиелерінің көлемі 2025 жылғы қазанда 2 трлн теңгені құрап, жыл басынан бері 15,9 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 11,7%-ға көп. Алайда мөлшерлемесі әлі де жоғары: ұлттық валютадағы бизнес несиелерінің орташа мөлшерлемесі 22%-ға дейін өсті.

Халық кредитін төлеуді кешіктіріп жатыр

Халыққа берілетін кредит көлемі де арта түскен. Тұрғындарға берілген қарыз қазанда 1%-ға өсіп, 24,3 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде тұтынушылық несиенің үлесі едәуір басым: 16,4 трлн теңге. Ипотекалық қарыздар 6,8 трлн теңгеге дейін өсті. Қазан айында халыққа берілген жаңа қарыздардың жиынтық көлемі 1,6 трлн теңгені құрады.

Алайда халықтың борыш жүктемесінің артуы проблемалық кредиттердің үлесін де көбейтті. Халықтың мерзімі өткен қарыздарының үлесі жыл басынан 3,8%-дан 4,5%-ға дейін өсті. Ал бизнес секторында бұл көрсеткіш 2,3%-ды құрайды.

Жыл басынан бері банктер 2,3 трлн теңге таза пайда тапты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,5%-ға артық. Активтердің рентабельділігі 4,3%, капиталдың рентабельділігі 29,3% деңгейінде қалыптасты.

Қазақстанда қарыз алушылардың жартысына жуығының басында(49%) төрт және одан да көп несие бар.

Сондай-ақ оқыңыз