«Әйелді өлтіріп, қоқысқа тастаған»: Шымкентте 11-сынып оқушысы сотталды

Шілде айында Шымкентте жантүршігерлік оқиға болған еді. Үй тазалауға барған әйел жоғалып, кейін оның денесі қоқыc жәшігінің жанына табылған. Осы оқиға бойынша 17 жастағы 11-сынып оқушысы айыпты деп танылып, 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Айыпталушы тарап сот үкімімен келіскенімен, жәбірленушілер қарсы.
Істі Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Үй тазалауға барған әйелді өлтіріп, денесін қоқыс жәшігінің жанына тастап кеткен жасөспірім «Адам өлтіру» және «Ұрлық» бабымен кінәлі деп танылды. Сотта дәлел болмауына байланысты «Өлген адамдардың мәйiттерiн және олар жерленген жерлердi қорлау» бабы алынып тасталды.
«Анар Асан Алтынбайұлы Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігінде және 188-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылық белгілерімен кінәлі деп танылсын. Түпкілікті 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», – деді судья Бақыт Тынәлиев.
Cотталушы жазасын кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған қауіпсіздігі орташа түрмеде өтейтін болды. Оның бұған дейінгі 1 күні жаза мерзімінің бір жарым күніне есептеледі. Жәбірленушілердің моралдық залалды өтеу туралы талап-арыздары ішінара қанағаттандырылды. Сөйтіп сотталған оқушының заңды өкілінен 2 ай ішінде екі жәбірленуші мен марқұмның кәмелетке толмаған екі қызына моральдық шығын ретінде 10 млн теңге беру міндеттелді.
Судья үкімді түсіндіріп болғанда, марқұмның сіңлісі Айдана Оңғарбаева наразылығын білдірді.
«Ол мәйітті алып, пакетке салып қоқысқа тастады. Сонда бұл мәйітті қорлауға жатпай ма? Оның адамды өлтіріп, мәйітін қоқысқа тастауға қандай құқығы бар? Құдайдың жазасынан ешқашан құтыла алмайсың сен. Оңбаған, өліп шіріп кет, шіріп. Сөйтіп жазадан құтылып кетем деп ойладың ба? Ұятсыз», – деді көзіне жас алып.
Жәбірленуші тарап сот үкімімен келіспеді, апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді. Ал сотталушының әкесі әрі заңды өкілі сот үкімімен келісетінін жеткізді.
Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енбеген. Сот отырысы 13 қазан күні басталған.