Фонограммаға тыйым: Тоқаев заңға қол қойды

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: kursiv.media мұрағаты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау салаларына өзгерістер енгізетін Заңға қол қойды. Құжаттағы маңызды түзетулердің бірі – концерттерде фонограмма қолдануға тыйым салу.

Ақорда мәліметінше, бұл талап тек концерттерге қатысты. Ал телевизиялық жазбаларға немесе концерт өткізуге арналмаған алаңдарға бұл шектеу қолданылмайды. Сонымен қатар жаңа норма авторлық құқықты қорғауды көздейді.

«Концерт өткізу кезінде фонограмма пайдалануға тыйым салынады. Сондай-ақ авторлық құқық объектісі саналатын шығармаларды масс-медиада немесе онлайн-платформаларда жария түрде пайдаланған кез келген жағдайда авторды (авторларды) көрсету міндетті», – делінген Ақорда хабарламасында.

Айта кетейік, бұған дейін 200 адамнан көп көрермен жиналған концерттерде фонограммаға тыйым салынатынын хабарлаған едік. Одан бұрын Мәжіліс депутаттары фонограммамен ән айтуға тыйым салуды ұсынған болатын. Алайда олардың бұл бастамасы Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан қолдау таппаған. Депутат Мақсат Толықбай Мәжілісте министрлік өкілінен бұл норманың неге қабылданбай жатқанын сұраған еді.

Сондай-ақ оқыңыз