«Баламыз тегін оқуға құқылы»: Жекеменшік мектептер төңірегінде шу басылмай тұр

Бүгін Шымкенттегі жекеменшік «Төрежан» бастауыш мектебінде оқитын оқушылардың жиырмадан аса ата-анасы жиналды. Айтуларынша, бұған дейін оқушылар мемлекеттік бюджет есебінен білім алып келген. 2 күн бұрын мектеп әкімшілігі мұғалімдер арқылы жаңа жылдан бастап ақылы оқуға көшетінін хабарлаған. Бұған олар түбегейлі қарсы.
Қала тұрғыны Гүлзинат Тұрлыбекованың бұл мектепте немересі білім алады. Айтуынша, хабарлама ата-аналар чатына түскен. Алғашында есеңгіреп қалған.
«Жылдың ортасында қай мектепке алып барамыз? Барлығы толып қалған. Басында мұндай келісім болған емес», – дейді ол ашуланып.
Тұрлыбекованың сөзінше, жеті немересі бар. Оларды ақылы оқытуға отбасының қалтасы көтермейді.
«Көпбалалы аналар қалай төлейді? Айына 1 балаға 50 мың теңге деген не деген сұмдық? Кредит бар, бала-шағасын бар. Барлық нәрсе қымбаттаған кез. Азық-түлік, киім-кешек, бәрі. Қалай күнкөреді сонда? Жалақы төмен», – деді ол.

Жиналған ата-аналар бұған дейін мектеп әкімшілігіне мән-жайды түсіндіріп беруін сұрап келген. Алайда мардымды жауап ала алмаған. Олар бұл баланың тегін орта білім алу құқығы шектеу дейді.
«Әрине, бұл қалтамызға салмақ. Мысалы, менің 3 балам осында оқиды. Айына 150 мың теңге төлеуім екіталай. Өзіміз жалдамалы пәтерде тұрамыз. Несиеміз бар. Ақылы қосымша сабақтары, үйірмелері бар. Біз үшін бұл көп ақша», – деді ата-ананың бірі. – Мұнда балаларымыз 1-сыныптан бірге оқып жатыр. Өзге мектепке ауыстыру балаға стресс. Қазірдің өзінде күйзеліп отыр. Баламның ертеңі үшін алаңдап отырмын».
Жиналғандардың сөзінше, мектеп ақылыға көшеді деген хабарламаны оқыған ата-аналар балаларын мемлекеттік мектепке қайта оқытуға құжаттарын ала бастаған. Әйткенмен, онда да бала көп, орын жоқ болып шыққан.
Мектеп құрылтайшысы ақылы оқуға көшу туралы хабарлама таралғанын растады. Оның сөзінше, жекеменшік мектептерде екінші ауысымда оқитын оқушылар қаржыландырылмайтыны туралы айтылған.
«Бізге жоғарғы жақтан екінші ауысымға қаржыландыру болмайды деп айтылды. Мемлекеттік тапсырыс аламыз. Онымен бала оқытамыз. Егер қаржыландыру мәселесі шешілмесе, біз екінші ауысымды оқыта алмаймыз», – деді «Төрежан» бастауыш мектебінің құрылтайшысы Асылбек Абдужаппар.
«Төрежан» мектебінде 1-4 сынып аралығында 350 оқушы бар. Олардың 180-і екінші ауысымда оқиды. Құрылтайшы егер қаңтар айында қаржыландыру тоқтатылса ақылы оқуға көшуге мәжбүрміз дейді. Өйткені мектеп ғимаратын жалға алу, мұғалімдердің жалақысы сияқты шығындарды кәсіпкердің жалғыз өтеуі мүмкін емес.
2026 жылдан бастап жекеменшік мектептерде екінші ауысымда оқитын оқушылар бюждет есебінен қаржыландырылады ма, әлде жоқ па? Бұл сұраққа әзірге қалалық білім басқармасы жауап бермеді.
Бұған дейін де жекеменшік мектептерді қаржыландыру төңірегінде шу шыққан. Ондағы мұғалімдер еңбекақысын ала алмай отырғанын мәлімдеген еді. Жақында мұғалімдер жалақы ала бастағаны хабарланды. Ресми мәлімет бойынша, мұның бәрі жан басына шаққандағы қаржыландыруға енген өзгерістермен байланысты.