Енді екінің бірі курс сата алмайды – министрлік заңға түзету енгізіп жатыр

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: shutterstock

Қазақстанда бұдан былай коучтар, түрлі курс сататындар үшін жаңа ереже пайда болады. Оларға дипломсыз курс сату қиындай түседі.

Елде әлеуметтік желілер мен онлайн платформаларда жарияланатын білім беру және оккульттік контентті міндетті түрде белгілеу туралы заң жобасы дайындалып жатыр. Түзетулерді Мәдениет және ақпарат министрлігі ұсынғанын депутат Дәулет Мұқаев парақшасында жазды.

Талаптар заңды күшке ие барлық платформаға, атап айтқанда әлеуметтік желілер, видеохостингтер, блог-платформалар, қолданушылар контент жүктейтін маркетплейстер, басқа да онлайн сервистерге қолданылады. Министрліктің мәліметінше, жаңа талаптар білім беру контентінің айқындығын арттырып, «оқыту» деген атпен таралатын жалған ақпаратты азайтады. Барлық авторға ортақ стандарт енгізеді.

«Қысқасы, келесі жылдан бастап академиялық білім бар адамдар ғана өз саласында курс сата алады», – дейді Мұқаев.

Еске сала кетейік, осы айда Сенат отырысында депутат Амангелді Есбай психологтар мен коучтар жайлы заң қабылдау қажет дегенді айтқан еді. Оның сөзінше, псевдокоучтар мен дипломы жоқ психологтар елдегі отбасы институтын бұзып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз