«Халық банктің» шағымы негізінде Қожамжаровтың бауырының дүние-мүлкіне шектеу қойылды

Алматының Медеу аудандық соты «Халық банктің» талабын қарап, бұрынғы бас прокурор Кайрат Қожамжаровтың туыстарына тиесілі компанияларға арест қоюға шешім шығарған. Бұл туралы BesMedia басылымы жазады.
Банк берешекті өндіріп алу туралы талабын қамтамасыз ету үшін сотқа жүгінген, ал сот оның өтінішін қанағаттандырып, бірқатар мүлкін бұғаттаған.
Олардың қатарында « Ойл снаб» компаниялар тобы, Hill Resources, Hill Invest, AvtoTechMas Ltd ЖШС бар. Бұл компаниялар Кайрат Қожамжаровтың жақындары — Дулат Кожамжаров пен Гулназ Кожамжароваға тиесілі.
Сот анықтамасында техникалық қатеге байланысты түзету енгізіліп, тыйым салынатын мүлік нақты көрсетілді: банк талабына сәйкес 2,55 млрд теңге, оған қоса 76,5 млн теңге мөлшеріндегі мемлекеттік баж, яғни жалпы есебі 2,63 млрд теңгеге жуық сомаға тең мүлкі уақытша бұғатталды.
Дулат Қожамжаров — қаржы полициясын басқарған және Бас прокурор болған Қайрат Қожамжаровтың туған бауыры.
Forbes Kazakhstan мәліметінше, ол Қазақстандағы ең бай бизнесмендердің қатарына кіріп, оның байлығы 110 млн доллар шамасында бағаланған. Дулат Қожамжаров Шымкенттегі ірі өндірістік кешені бар Hill Corporation компаниясын иеленеді.
Биыл көктемде Дулат Кожамжаров заңсыз алынған активтерді қайтару туралы заң аясында арнайы реестрге енгізілді. Бұл тізімді билік жарияламаса да, кәсіпкердің аты ондағы тұлғалар қатарында аталғаны белгілі болды.
Hill Corporation «Халық банкпен» 2023 және 2024 жылдары екі кредиттік келісім жасасқан. Қарыз 2026 жылға дейін беріліп, жылдық мөлшерлемесі 6–13% аралығында белгіленген. Бұл қаражат кәсіпорынның айналым капиталын толықтыруға арналған.
Күзде Қайрат Қожамжаровқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. 2 желтоқсанда іздеудегі Қожамжаров Мәскеу жүр деген ақпарат тараған.