Биржадан тыс нарықта долларға деген сұраныс бір айда 4 есе өскен

2025 жылғы қазан айында Қазақстан банктері арасындағы биржадан тыс операциялар көлемі қыркүйек айымен салыстырғанда айтарлықтай өскен. USD/KZT жұбы бойынша сатып алу көлемі қыркүйектегі 7,7 млрд доллардан қазан айында 31,9 млрд долларға дейін жетіп, 4 есе өскен. Сатылған валюта көлемі де сәйкесінше 7,6 млрд доллардан 31 млрд долларға жетті.
Бұл көрсеткіштер АҚШ долларына деген сұраныстың айтарлықтай өскенін және резидент емес банктердің белсенділігінің артқанын байқатады. Себебі олар қазан айында 29,6 млрд доллар сатып алып, 28,7 млрд доллар сатқан.
Еуро бойынша да өсім байқалды: EUR/KZT жұбы бойынша жалпы мәміле көлемі қыркүйек айында шамамен 3,3–3,4 млрд еуро болса, қазан айында бұл көрсеткіш 3,42–3,43 млрд теңгеге жетті. Резидент банктердің үлесі тұрақты болып қалса, бейрезидент банктердің мәмілелері айтарлықтай өзгергені байқалады.
Ресей рублімен (RUB/KZT) жасалған операциялар да артты. Қыркүйек айында барлығы шамамен 47,7 млрд және 35,4 млрд рубль сатылса, қазан айында бұл көлем 56,5 млрд және 47,1 млрд рубль деңгейіне көтерілді. Мұнда бейрезидент банктердің белсенділігі айқын байқалады: олар қазан айында 35,3 млрд рубльді сатып, 25,9 млрд рубль сатып алған.
Биржадан тыс валюталық операциялар – бұл валюта айырбасы тікелей екі тарап арасында жүргізілетін, яғни биржа алаңынан тыс өтетін мәмілелер. Мұндай операциялар көбіне банктер мен ірі қаржы ұйымдары арасында жасалады.