Риддерде Мәңгілік алауда біреу тауық пісірген

Риддерде Даңқ ескерткіші маңындағы Мәңгілік алауда біреу тауық пісіріп кеткен. Таңертең ерте мұны жергілікті тұрғын байқап, суретке түсірген.
Noks.kz хабарлауынша, ескерткіш жанында кінәлілер болмаған. Куәгер әйел жартылай пісірілген тауықтарды жақын маңдағы қоқыс жәшігіне тастап, полиция шақырған.
«Бұл не болып жатыр өзі? Қаладағы камералар жұмыс істей ме, жоқ па? Мәңгілік алауда тауық қуырып жатыр! Қала әкімдігі, полиция, сіздер қайда қарап отырсыздар? – деп ашуланды тұрғын Наталья. – Мәңгілік алаудың айналасы қоқысқа толы, қар да тазаланбаған. Біз «естелікті жақсы сақтап» жатыр екенбіз! Өтінемін, осыны бақылауға алыңыздар!»
Бұл үндеуге билік дереу жауап қатты. «Эталон» фирмасының қызметкерлері ескерткіш маңындағы қарды тазартты. Алайда алтын жұлдыздың өзі әлі де лас күйінде тұр. Үстінде тауықтың күйген қиқымдары қалған. Риддер қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Рауан Құрметұлы жұлдызды да міндетті түрде тазартатындарын айтты.
Қала полициясы да батырлардың рухына арналған естелік орынды қорлап, вандализм жасағандарды міндетті түрде анықтап, жауапқа тартатынын мәлімдеді.
Мұның алдында Солтүстік Қазақстан облысында Міржақып Дулатұлының мемориалы бүлініп жатқаны белгілі болды.