Qarmet компаниясының ұжымдық шарты Қазақстандағы үздік шарт деп танылды
Qarmet бизнесінің әлеуметтік жауапкершілігі саласындағы ең маңызды марапаттардың бірі — «Парыз» сыйлығының «Үздік ұжымдық шарт» номинациясында жеңімпаз атанды. Бұл марапат компанияның әлеуметтік саясатының жоғары деңгейін және қызметкерлер алдында алған міндеттемелерін шынайы орындауға ұмтылысын растайды. Марапатты компания атынан басқарма мүшесі — «Qarmet» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Зауре Заурбекова қабылдады.
«2024 жылдың соңында компания әлеуметтік серіктестеріміз — „Жақтау“ және „Қорғау“ салалық кәсіподақтарымен өзекті ұжымдық шартқа қол қойды. Құжатта қызметкерлер мен олардың отбасыларын қолдаудан бастап еңбек жағдайларын жақсарту, медициналық қолдау, кадрлық әлеуетті дамыту, әлеуметтік кепілдіктер және тағы басқа көптеген бағыттар қамтылған. Құжатты әзірлеу ұзақ уақыт бойы жүргізілді, және бірлескен еңбектің нәтижесінде біз өзіміздің үлкен еңбек ұжымын қолдауға арналған жаңа ұжымдық шартты жасап шықтық», — деді Зауре Заурбекова.
Qarmet компаниясының ұжымдық шарты саладағы ең озық құжаттардың бірі. Ол компанияның басты құндылығы — адам және оның еңбегі екенін айқын көрсетеді. Құжатта қызметкерлердің өмір сапасын арттыруға және олардың отбасыларын қолдауға бағытталған кең ауқымды кепілдіктер бекітілген. Сонымен қатар, негізгі өндірістік көрсеткіштер орындалған жағдайда жыл қорытындысы бойынша бір реттік сыйақы, еңбек өтілі мен кәсіби шеберлігі үшін үстемақылар, сондай-ақ қауіпсіз еңбек үшін ынталандыру төлемі көзделген. Бұл қауіпсіздік мәдениетін тұрақты түрде дамытуға ықпал етеді.
Бұдан бөлек, Металлург күні мен Шахтер күні ресми түрде мерекелік күндер ретінде бекітілген. Бұл күндері жұмыс істеген қызметкерлердің еңбегі жоғарылатылған мөлшерде төленеді. Бұл компанияның еңбек дәстүрлеріне және қызметкерлердің еңбегіне деген құрметін көрсетеді.
«Парыз» байқауындағы жеңіс — Qarmet компаниясының лайықты еңбек жағдайларын жасау, серіктестік мәдениетін дамыту, құрмет пен жауапкершілік қағидаттарын нығайту бағытындағы жүйелі жұмысына берілген жоғары баға. Компания әлеуметтік стандарттарды одан әрі күшейтіп, қызметкерлердің болашаққа деген сенімін арттыра бермек және Қазақстанның бүкіл тау-кен, металлургия саласы үшін үлгі болуды жалғастырады.