Шымкентте жекеменшік мектеп оқушыларының бәріне бірдей қаражат аударылмаған

Жарияланды
фото: Дилара Иса

Шымкентте 133 жекеменшік мектептегі бірінші ауысымда оқитын оқушыларға қаражат аударылды. Ал екінші ауысымда оқитындарға қаражаттың жоқтығына байланысты ақша әлі аударылған жоқ. Бұл туралы қалалық білім басқармасы хабарлады.

«Пилоттық жоба бойынша қалалық білім басқармасы тарапынан 17 қараша күні хабарландыру жарияланды. Хабарландыру арқылы 133 мектептен өтінім келіп түсті. Қазіргі таңда 14,5 млрд теңгеге олармен келісімшарт жасалған. Сол сома барлық мектептің бірінші айналымын толықтай қамтиды. Екінші айналым бойынша қазір қаражаттың жетіспеушілігіне байланысты қалалық эканомика және бюджеттік жоспарлау басқармасына тиісті өтінім берілді. Бұл қаражат қазір қарастырылуда. Жылдың соңына дейін толыққанды өтеледі», – дейді қалалық білім басқармасы басшысының м.у.а Бекжан Тайғашев.

Тайғашевтің сөзінше, жекеменшік мектептерге қаражатты білім басқармасы емес, қаржы орталығы аударады. Ал 2026 жылға жекеменшік мектептерге 50 млрд теңге қаржы қарастырылған. Қаржы бөлінбейді деген алып-қашпа әңгіме шындыққа жанаспайды.

Айта кетейік, кеше Шымкенттегі жекеменшік «Төрежан» бастауыш мектебінің ата-аналары шу шығарған. Бұған мектеп әкімшілігінің ақылы оқуға көшу туралы хабарламасы негіз болған. Жиналғандар ақылы оқытуға жағдайы келмейтінін айтып, балаларын тегін оқытуға қазынадан қаражат бөлуді талап еткен.

Сондай-ақ оқыңыз