Қазақстандықтар «құпия Аяз ата» ойынында сыйлық алу үшін банк картасын жариялап жатыр

Желіде «Құпия Аяз ата» тақырыбында ашылған түрлі жазбаларда қолданушылар мереке қарсаңында символикалық сыйлық ретінде ақша аударады деген үмітпен карта нөмірлерін жариялап жатыр. Алайда банк қызметкері бұл әрекеттің қауіпті жағы көп екенін айтып, ескерту жасады.
Өзін банк қызметкерімін деп таныстырған қазақстандық әйел адамдардың ашық түрде карта нөмірін жариялауына алаңдаушылық білдіріп отыр.
«Банкте жұмыс істеймін, үндемей қала алмаймын. Адамдар карталарының нөмірін ашық салып жатыр. Біреулер үшін бұл жай ғана аударым болуы мүмкін, ал алаяқтар үшін – бұл дайын тізім», – деп жазды ол.
Алайда кейбір қолданушылар карта нөмірі қауіп төндірмейтініне сенімді.
«Теория бойынша карта нөмірімен не істеуге болады? Тек ақша аудару ғана», – дейді олар.
Дегенмен пікір білдірушілердің бір бөлігі бұдан да маңызды мысалдар келтірді. Олардың айтуынша, алаяқтар банкке жалған ақпарат беріп, картаны «табыстадық» деп көрсетіп, оны бұғаттатып тастауы мүмкін. Бұл жағдайда карта иесі қаражатына қол жеткізе алмай қалады.
«Кез келген адам банкке жазып, «картаны таптым, бұғаттаңыздар» дей алады. Сөйтіп, иесі қолында пайдасыз пластикпен қалады. Бұған қоса, мұндай картаға түсетін қаражаттарға қаржылық мониторинг күдікпен қарауы мүмкін», – деді пікір білдірушілердің бірі.
Кейбір қолданушылардың айтуынша, шетелдік қонақүйлер секілді кейбір сервистер карта нөмірі арқылы CVV кодсыз-ақ қаражат шеше алуы мүмкін.
Мұның алдында бас прокуратура интернет-алаяқтықтың жаңа әдісі пайда болғанын хабарлады. Алаяқтар «Авторизациядағы қате», «домофонды ауыстыру» немесе «есептегіштерді тексеру» деген сылтаумен азаматтардың өздерін қайта қоңырау шалуға мәжбүрлейді.