Жүкті кеденнен өткізу жеңілдейді: облыстағы үлкен қойма Алматы қаласына өткелі жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
контейнер тауар контейнерлері
фото: shutterstock

Алматы облысы Қарасай ауданындағы Burunday Container Terminal-дың уақытша сақтау қоймасы енді Алматы қаласының кіріс басқармасына қарайды. Осындай өзгерісті көздейтін құжат жобасын Қаржы министрлігі жариялады.

Не өзгереді

Министрлік мәліметінше, басты мақсат – кедендік рәсімдерді, логистиканы жеңілдету, сонымен бірге көлік шығынын азайту, тауар импортымен, экспортымен айналысатын компаниялар үшін уақыт пен қаржыны үнемдеу.

Жалпы аумағы 16,5 гектар жерді алып жатқан үлкен контейнер терминалы Burunday Container Terminal (BCT) Боралдай темір жол станциясына жақын маңда орналасқан. Ал терминалдың өзі 50 мың шаршы метрді алып жатыр.

Қойма Алматы қаласының салық жүйесіне бағынған уақытта, кәсіпкерлер облысқа барып әуре болмайды – кеден рәсімдеулерін қаладан шықпай-ақ шеше алады. Мұндай өзгеріс әсіресе Burunday терминалын пайдаланып, тауар импорттайтын/экспорттайтын компаниялар, логистикалық фирмалар үшін тиімді болмақ.

Терминал кімге тиесілі

gov.kz мәліметке сүйенсек, 2023 жылғы қыркүйекте тіркеуден өткен Burunday Container Terminal жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жалғыз құрылтайшысы – Almaty Ports Limited. Жекеменшік компанияның өзі TALCA Holding B.V. Private Limited Liability Company-ге қарайды. Ал оның бірінші жетекшісі Саян Жайнақбаев.

Дәл осы топ-менеджер TengizTransGroup компаниясын да басқарады. Ал оның түпкі қожайыны – Freight International Holding B.V, бас кеңсесі Амсердамда орналасқан логистикалық компания. Ол Logisteed жапон логистикалық корпорациясының құрамына кіреді.

Сондай-ақ оқыңыз