Apple мен Google Қазақстанға киберқауіп туралы ескерту жіберді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Apple мәліметінше, бүгінгі күнге дейін 150-ден астам елдегі пайдаланушыларға хабарлама жолданған / фото: KursivMedia мұрағаты
Apple мәліметінше, бүгінгі күнге дейін 150-ден астам елдегі пайдаланушыларға хабарлама жолданған / фото: KursivMedia мұрағаты

Apple және Google бүкіл әлемдегі пайдаланушыларға киберқауіп туралы ескерту жіберді. Оның ішінде Қазақстан да бар.

Осы арқылы қос компания клиенттерін аңду қаупінен қорғау жөніндегі соңғы әрекеттерін де жария еткен.

Reuters ақпаратына қарағанда, Apple мен Alphabet құрамына кіретін Google – пайдаланушыларына тұрақты түрде ескерту жасайтын ірі технологиялық компаниялардың бірі. Әсіресе, оларды мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілетін хакерлердің нысанасына айналуы мүмкін екенін құлақдар етіп отырады.  

Apple 2 желтоқсанда ескерту жіберілгенін хабарлады. Алайда болжамды хакерлік шабуыл туралы қосымша ақпарат ұсынған жоқ. Сондай-ақ компания шабуылға ұшыраған нақты пайдаланушылар саны мен кімге бақылау жасалғанын ашық айтпады. Apple мәліметінше, бүгінгі күнге дейін 150-ден астам елдегі пайдаланушыларға хабарлама жолданған.

Бұл мәлімдемеден бір күн бұрын, 3 желтоқсанда, Google компаниясы өз пайдаланушыларына Intellexa тыңшылық бағдарламасының құрбаны болуы мүмкін екені туралы ескерткенін хабарлады.

Google дерегінше, бұл шабуылдар Пәкістан, Қазақстан, Ангола, Мысыр, Өзбекстан, Сауд Арабиясы және Тәжікстанды қоса алғанда, бірнеше елдегі «жүздеген аккаунтты» қамтыған.

Citizen Lab ұйымының зерттеушісі Джон Скотт-Рейлтонның айтуынша, мұндай ескертулер кибершпиондарға қосымша шығын әкеледі. Өйткені олардың құрбандарын алдын ала хабардар етеді.

Айта кететін жайт, 2025 жылы шетелдік интернет-компаниялар Қазақстанның бюджетіне 48,6 млрд теңге көлемінде цифрлық қызмет салығын (Google салығы) төледі. Соның ішіне Valve Corporation – 8,6 млрд теңге, Apple – 8 млрд теңге, ал Temu 6,2 млрд теңге аударған еді.

Сондай-ақ оқыңыз