Ең арзан сиыр еті Батыс Қазақстанда – облыс әкімі

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңірде ет бағасының қымбаттығы туралы әлеуметтік желідегі ақпараттарды жоққа шығарды. Оның айтуынша, Батыс Қазақстан сиыр еті ел бойынша ең арзан өңірлердің бірі саналады.
Төреғалиев өңірде сиыр етінің орташа бағасы – 3060 теңге екенін айтты, ал республикалық орташа көрсеткіш – 3246 теңге.
«Ең төмен баға – Батыс Қазақстанда. Бізде 3060 теңге – бұл төмен баға. Бізден кейін Ақтөбе мен Маңғыстау облыстары. Сондықтан бағаның қымбат екені туралы мәлімет қайдан шыққанын білмеймін», – деді әкім.
Ол сондай-ақ өңір өзін етпен толық қамтамасыз етіп отырғанын және басқа облыстарға да өнім жөнелтетінін айтты.
«Біз Батыс Қазақстан тұрғындарын толық етпен қамтып отырмыз, әрі көршілес облыстарға Шымкент, Түркістанға да ет жөнелтеміз», – деді Төреғалиев.
Осыған дейін Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ет бағасы сұраныстың артуы себепті қымбаттағанын айтты. Сөзіне сенсек, қазіргі кезде баға тұрақтанған. Министр ресми дерек бойынша еттің келісі орта есеппен 3249 теңге деп тұжырымдайды.