Үш жастағы қыздың өлімі: анестезиолог неге бірден жедел жәрдем шақырмаған

Астанадағы стоматологияда қайтыс болған үш жастағы Зере Есентайдың ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Сотталушы анестезиолог Аида Жұмағалиеваға кәсіби міндетін дұрыс орындамау адам өліміне әкелген деген айып тағылған.
2025 жылдың 8 желтоқсанындағы сот отырысында марқұм қыздың анасы Севоран» препаратын салған анестезиологтан не себепті бірден жедел жәрдем шақырмағанын сұрады.
«Видеоны көрсеңіз, мен мониторға қарап отырдым. Жүрек ырғағы бұзылған сәтте бірден жүрекке массаж жасай бастадым. Яғни, сол сәтте реанимациялық көмек көрсетіліп жатыр. Жедел жәрдем шақырдық, жедел жәрдем дәрігері мен фельдшер келген. Олар реаниматолог емес. Мен реанимациялық көмек көрсетуге арналған арнайы жедел жәрдем көлігін шақырдым», – деді сотталушы Жұмағалиева.
Алайда ол жедел жәрдемді қанша уақыттан кейін шақырғанын нақты айта алмады. Сөзінше, жедел жәрдемге қарағанда өзі жақсырақ медициналық көмек көрсеткен.
«Жедел жәрдем дәрігері базалық реанимациялық көмек көрсетеді, ал реаниматолог кеңейтілген реанимациялық көмек көрсетеді. Яғни мен көрсеткен көмек деңгейі жедел жәрдеммен салыстырғанда анағұрлым жоғары және сапалы болды», – дейді ол.
Марқұм қыздың анасы «мұндай жағдайда өзіңізге сенбей, бірден жедел жәрдем шақыруыңыз керек еді» деді.
Бұған дейін сотталушы жедел жәрдем де 5 минут ішінде келгенін айтты.
Сотталушы Аида Жұмағалиева – Ресей азаматы. Дәрігер ретінде 14 жылдық, анестезиолог ретінде 7 жылдық тәжірибесі бар.