Тойда бұрынғы әнші келінін сабаған ер адам сотталды

Түркістан облысы Төле би ауданындағы «Зағамбар» тойханасында ән айтып тұрған әншіге жұдырық алып жүгірген ер адамға үкім шықты.
Сот оның бас бостандығын 1 жылға шектеді. Сотталушы кінәсін мойындаған. Жәбірленуші оның бұрынғы келіні болған. Сот ер адамды «Бұзақылық» бабымен кінәлі деп таныды.
«Сот үкім етті. Хакимжанов Шаирбек Толкунович Қылмыстық кодекстің 293-бабы 1-бөлігіндегі қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған осы баппен 1 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалсын», – деді судъя Ғани Байарыстан.
Сотталушының үйқамақта болған екі күні жаза мерзімінің бір күніне есептелетін болды. Сонымен бірге жыл ішінде 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылады.
Ол сотта кінәсін мойындаған. Мұндай әрекетке бұрынғы келінінің ән айтып тұрғаны, оған намыстанғаны себеп болған. Айыпталушы соттан өзін «Бұзақылық» бабымен емес, «Ұрып-соғу» бабымен жазалауды, ал прокурор оны 1 жылға түрмеге жабуды сұраған.
«Азаматтық талапкер Азода Турсунмурадованың азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылып, жауапкер Хакимжановтан жәбірленушінің пайдасына моральдық өтемақы ретінде 800 мың теңге, өкілге жұмсаған шығын ретінде 700 мың теңге өндірілсін» деді судъя.
Айта кетейік, оқиға тамыз айында Төле би ауданы Зағамбар ауылындағы тойханада болған. Ән айтып тұрған әйелге ер адам жұдырық ала жүгірген. Таяқтың астында қалған әйел бетін бұғып отырып қалғанын байқауға болады. Әнші «бұл маған қасақана жасалған қастандық» деп бағалаған.