Кондиционер емес, кірпіш құлаған: фельдшер қыздың қазасы туралы тың мәлімет (видео)

Фельдшер Ұлдана Мырзуан кондиционер емес, сапасыз ғимарат кірпішінің құлауынан қаза тапқан болуы мүмкін. Заңгер Мейірман Шекеев осылай деп есептейді. Ол Instagram-дағы парағына жас қыздың қазасына қатысты тың мәлімет беретін видео жариялады.
Оқиға орнында түсірілген видео
Әлеуметтік желі қолданушылардың назарына бірден іліккен видеода марқұмның күйеуі Әділет Ғанибекұлы оқиға орнына барып, қайғылы жағдай шын мәнінде қалай болғанын анықтауға тырысқан.
2025 жылғы 8 қарашада Астана қаласында көп қабатты үйлердің бірінің қасбеті сөгіліп, бірнеше адам зардап шеккен. Тұрғындар шақыртқан жедел жәрдем құрамында фельдшер Ұлдана да болған.
Марқұмның күйеуінің айтуынша, сол күні сағат 10:30 шамасында 72-бригада тұрғын үй алдына тоқтап, Ұлдана бірінші қабаттағы дүкенге кіреді. Ал сағат 10:40 шамасында әріптестері фельдшер қызды көтеріп алып шығып келе жатады.
«Екі ғимарат арасындағы тар өткелде адамдар өтетін есік орналасқан», – деп көрсетті оқиға болған жерді Ғанибекұлы.
Видеодан тар қуыста шашылып жатқан кірпіштерді көруге болады. Бұған қоса, дүкен қызметкері де кондиционер қайғылы оқиғаға дейін құлап жатқанын айтты.
«Кондиционер емес, кірпіштер құлаған. Кондиционер одан бұрын құлап жатты«, – деді орта жастағы әйел.
Дегенмен баспасөзде фельдшер қазасы «кондиционер құлағаннан болды» деген мәлімет тарап кетті. Бірақ оны куәгер жоққа шығарып отыр.
Заңгер пайымы
Кезінде марқұм Шерзат Полат туыстарының мүддесін сотта қорғаған танымал заңгер Мейірман Шекеев «істі бұрмалау кімге қажет болды?» деген сауал тастады.
«Бұл сұрақ бәрімізді ойландыруы керек. Оқиға орнына барып, куәлерден жауап алып, барлық деректерді жеке зерттегенімде, бір нәрсе анық болды:
Ұлдананың қазасы кондиционердің емес, ғимараттың қасбетінде тұрған кірпіштердің құлауынан болған», – деп жазды Шекеев.
Заңгер осы жайтты «кездейсоқтық емес» деп сипаттады.
«Бұл – қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы, салғырттық және жауапкершіліктен қашудың салдары. Біреулер бұл істі жауып, кінәні басқа жаққа бұруға тырысып жатқан сияқты», – деп есептейді адвокат.
Оның пікірінше, қаза кондиционердің құлауынан болды десе, кінәлінің анықталуы екі талай, өйткені оның иесі жоқ. Бұған қоса, Шекеев оқиға орнынан кондиционердің ішкі блогы жоғалып кеткенін, «тергеушілер орнын сипап қалғанын» жазды.
Заңгер «әділдік орнату үшін соңына дейін барамыз» деп мәлімдеп, көпшіліктен қолдау сұрады.
8 қарашада тұрғын үй қасбетінің сөгілуі салдарынан барлығы бес адам зардап шекті. Олардың арасында екі фельдшер бар. Ұлдана Мырзуан ауыр жарақатты көтере алмай, 18 қарашада ауруханада көз жұмды. Енді билік фельдшер қызға ескерткіш орнатқалы жатыр.