Аида Балаева іс қозғалған журналистерге қатысты пікір білдірді

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Аида Балаева
gov.kz, бильд-редактор: Дастан Шанай

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева соңғы күндері журналистерге қарсы қылмыстық іс қозғалуына қатысты пікір білдірді. Министрлік бұл мәселені назарда ұстап отыр дейді ол.

«Бүгінде Қазақстанның медиа кеңістігінде бірнеше сот процесі өтуіне байланысты талқы жүріп жатыр. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл процестерді, соның ішінде Orda.kz пен ҚазТАГ-қа қатысты істерді ерекше назарда ұстап отыр. Мұндай жағдайлар әрдайым медиа қауымдастықты алаңдатады. Себебі бұл сөз бостандығы мен заңды журналистік қызмет секілді аса маңызды мәселелерге тікелей қатысты», – деді ол.

Балаеваның сөзінше, БАҚ заңды бұзбай жұмыс істеуі керек және сол жағдайда ғана мемлекет олардың құқығын қорғай алады.

«Кәсіби бұқаралық ақпарат құралдары заңды бұзбай жұмыс істеген жағдайда ғана мемлекет олардың құқығын тиімді қорғай алатынын түсінуі тиіс. Ал егер тараптар арасындағы қатынастар құқықтық алаңға ауысса, мемлекеттік органның араласуы сотқа қысым ретінде қабылдануы мүмкін. Қалай болғанда да, біз кәсіби журналистерге қатысты әкімшілік немесе қылмыстық істердің барынша ашық әрі объективті қаралуы қажет екенін әрдайым талап етіп келеміз», – деп атап өтті министр.

Еске салайық, 25 қарашада «Фридом Финанс» брокерлік компаниясына жала жабу фактісі бойынша ҚазТаг басылымына қарсы тергеу басталды.

Ал бірінші желтоқсанда Orda.kz редакциясында тінту жүргізіліп, құрылтайшысының бірі Гүлнар Бажкенованы екі айға үй қамағына алды.

Сондай-ақ оқыңыз