Бишімбаевтың анасы миллион долларды 2017 жылдан бері сақтап келген

Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова миллион долларды 2017 жылы қолма қол ақшаға айналдырған. Бұл туралы отбасының адвокаты Ерлан Ғазымжанов айтты, деп хабарлайды KursivMedia.
Даудың басы
Тергеу дерегінше, Қуандық Бишімбаевқа қатысты іс қаралып жатқан кезде отбасының туысы Бекзат Кемелова Бишімбаевтар отбасынан 990 000 доллар алған. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Бишімбаевтың отбасына бақылау жүргізіп отырғанын айтып, қолма қол қаражатты өзіне сеніп тапсыруға көндірген. Алайда алған қаражатты өз қажетіне жұмсап, Бишімбаевтарға қайтармаған.
Бишімбаевтардың туысы Бекзат Кемеловаға қылмыстық кодекстің 190-бабы (алаяқтық) бойынша іс қозғалған. Бұған дейінгі сотта қорғау тарабы Нұрлыбекованың қолында млн доллар болғанына күмән келтірді.
Ақшаны 2017 жылы шешкен
2025 жылдың 10 желтоқсанындағы сот отырысында Ерлан Ғазымжанов Нұрлыбекованың қолында млн доллар болғанын растайтын құжатты іс материалдарына қосуды сұрады. Алайда сотталушының адвокаты Игорь Вранчев бұған қарсы болды.
«Дәлел бар. Соны ұсынған едік, бірден шағымдана бастады. Әрине, кез келген адам қылмыстық жауапкершіліктен жалтарғысы келеді. Жәбірленуші Нұрлыбекова 2017 жылдың қаңтарында ақшаны доллар валютасында шешіп алған», – деді Ғазымжанов.
Адвокат Игорь Вранчев бұған қарсы шықты. Айтуынша, мұндай құжат іс материалдарына сотқа дейінгі тергеу барысында қосылуға тиіс.
«Нұрлыбекова ақшаны қашан, қай банктен шешкенін айта алмады. Тергеу бұл құжатты іздеді ме , жоқ па – оны білмеймін. Жәбірленушінің өкілі ақшаның заңдылығын растайтын құжат барын айтып отыр. Тергеу аяқталды. Мұндай құжат сотқа дейінгі тергеу барысында ұсынылуы қажет еді», – деді Вранчев.
Сот құжатты іске қосу-қоспау туралы әлі шешім қабылдаған жоқ.
Нұрлыбекованың жауабы
Альмира Нұрлыбекова сотта отбасы мұндай қаражатты қайдан алғаны туралы сұраққа жауап берген. Қуандық Бишімбаевтың анасы қаражатты жинауға көп жыл бизнеспен айналысқаны мүмкіндік бергенін айтты.
Айтуынша, 1993 жылдан бері кәсіппен айналысқан. 2003 жылдан Қызылорда нарығына кәмпит, жеміс-жидек жеткізіп отырған.
Шымкентке көшкен кезде де консалтинг компаниясын және стоматологияға арналған химиялық препарат өндіретін кәсіп ашқан. Осылайша, ол ақшаны заңды жолмен жинағанын айтты.
Бұған дейін Бишімбаевтардың үй қызметшісінен жауап алынды.