Қытай мандариніне бақылау күшейіп, кәсіпкерлер шығынға батты

Қазақстан мен Қытай арасындағы «Бақты» шекара бекетінде көкөніс пен жеміс-жидекке бақылау күшейіп, соның салдарынан кәсіпкерлер шығынға батып жатыр. Соған байланысты депутат Олжас Нұралдинов премьер-министрге сауал жолдады.
Мандарин шіріп кететін болды
Төменгі палата өкілінің айтуынша, көрші елден тауар таситын кәсіпкерлер көп шағымданып жатыр. Олар 2025 жылғы қарашаның аяғынан бастап шекарада бақылау күшейгенін, ішкі нарыққа өнім жеткізу қиындағанын, шығынға батқанын айтқан.
Атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Мемлекеттік инспекция комитеті «фитосанитария» туралы қаулы шығарған.
«Осы қаулыдан кейін фитосанитария қызметкерлері шекарадан өтетін кәсіпкерлерден әр көлік үшін міндетті зертхана сараптамасынан өтуді талап ете бастады», – деп мәлімдеді депутат.
Нұралдинов мұндай талап Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне қайшы деп есептейді.
Әр көлік үшін 300 мың алады
Депутат мәліметінше, зертхана сараптамасының әр тауарға арналған бағасы 5 мыңнан 82 мың теңгеге дейін барады.
«Оның үстіне, тексерудің өзі үш тәулікке созылады. Кәсіпкерлер бір көлік тауар үшін 200-300 мың төлеуге мәжбүр», – дейді «Ақ жол» партиясының өкілі.
Соның салдарынан кәсіпкерлер уақыт жоғалтып қана қоймай, Қытайдан әкеле жатқан тауарды шіріп алуы мүмкін. Өйткені күзден бері жөнделіп жатқан «Бақтыда» салқын камералар, фитосанитария тексеруін жүргізетін жабық қоймалар жоқ.
Нұралдинов Қырғызстанмен шекарадағы Қордайда да дәл осыған ұқсас жағдай қалыптасқанын айтты.
Депутат үкімет басшысы Олжас Бектеновтен Қытай мен Қырғызстандағы шекара бекеттерінде тәртіп орнатуды, зертханалар әрекетіне заң тұрғысынан баға беруді сұрады.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында шетелден мандарин көп тасылады. 2024 жылы Қазақстанға жеткізілген мандариннің жартысы Қытайдан импортталған.