Ылғал тартқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жай-күйі не болды

Жарияланды
Түркістан, Қожа-Ахмет Яссауи кесенесі / фото: sutterstock
Түркістан, Қожа-Ахмет Яссауи кесенесі / фото: sutterstock

Түркістан қаласында XIV ғасырдың соңында тұрғызылған архитектуралық ғимарат Қожа Ахмет Ясауи кесенесін аумағындағы ылғал қаупі төмендеді. Бұл туралы «Қазқайтажаңарту» мекемесі мәлімдеді.

Мекеме дерегінше, биыл кесене маңындағы суармалы көгалдар алынған. Орнына құрғақ қиыршық тас төселген.

«2021–2022 жылдары жергілікті қала әкімдігі кесене аумағына абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, суару жүйесін орнатқан. Осыдан кейін мавзолейге жүрігізілеген ғылыми-зерттеу және зерделеу жұмыстарының қорытындысы бойынша «Қазқайтажаңарту» РМК жергілікке әкімдікке суармалы аумақтағы топырақ шамадан тыс ылғалдануын азайтып, абаттандырудағы суару жұмыстарын тоқтатуға ұсыныс берген. Қала әкімдігі оң шешім қабылдап, тиісті жұмыстарды атқарды. Құрғақ әрі қолайлы климатты қалыптастыратын ландшафты сақтау басты назарға алынды», – деді «Қазқайтажаңарту» мекемесінің директоры Олжас Шариязданов.

Мекеме дерегінше, кесенеге климаттық өзгерістерді қадағалайтын заманауи автоматтандырылған мониторинг жүйесі қойылған. Оған қоса 106 арнайы құрылғы орнатылып, локалды метеостанция мен жер сейсмикалық бақылау жүйесі бар мониторинг орталығын ашылған. Бұл кесенедегі ауаның және қабырғаның ылғалдылығын, температура, ауа қозғалысының жылдамдығы мен бағытын, жылы ауаның тығыздығын, шудың деңгейіін, ғимараттың тепе-теңдігін, жер асты суларының деңгейін үздіксіз бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жүйе шық түсу нүктесін дәл анықтайды.

«Барлық деректер әр 2-10 минут сайын және 2 сағат сайын орталық компьютеріне тіркеледі. Қазір мамандар 3 жылдық деректерді сараптап жатыр. Бұл деректерге сүйене отырып, кесененің қолайлы климаттық жағдайын жедел басқару және қажетті іс-шараларды уақтында орындау жүйесін құруды жоспарлап отырмыз» деді Олжас Шариязданов.

Мавзолей аумағын ылғалдан қорғау мақсатында кесененің кіреберіс порталындағы гранит плиткалар ауыстырылған. 227 м² аумаққа «Қазқайтажаңарту» мекемесінің өндірістік цехында арнайы әзірленген тақта кірпіштер төселген.

«Мекеменің ғылыми зерттеу және зерделеу жұмыстарының қорытындысы бойынша, бұрын төселген гранит плиткалар жаңбыр және қар суларының топырақ қабатындағы ылғалдың табиғи түрде кебуіне тосқауыл болған. Соның салдарынан кесененің сыртқы және ішкі қабырғалары ылғалданып, тұздану пайда болған. Осыған байланысты тарихи ғимараттың сәулеттік келбетін бұзбайтын, ылғалдың табиғи таралуына және ауаның еркін алмасуына қолайлы кірпіштер әзірленіп төселді», – деді мекеме директоры.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті соңғы жылдары кесененің бірқатар бөлмелеріндегі құздану, ылғалдану процестерінің жылдам жүргенін растайды. Ескерткіштің сақталуына қатысты алаңдатарлық жағдай болғанын хабарлады. Кесененің жай-күйі президент әкімшілігі деңгейінде талқыға түскен. Нәтижесінде президент тапсырмасымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің нақты жай-күйін анықтау мақсатында кешенді ғылыми-зерттеу жұмысы қолға алынған. Зерттеу жұмысы 2023 жылы басталған.
Айта кетейік, зерттеуге 317 млн теңге бөлінген еді.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі 2024 жылы мемлекеттік қорғауға алынған.

Сондай-ақ оқыңыз