“ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ЖАСАҒАН”: ASTANA MOTORS ӨНДІРІСІ ҚАЛАЙ ҚҰРЫЛҒАН

Astana Motors компаниясы мен Қазақстан автомобиль одағы Алматының индустриалдық аймағында орналасқан автокөлік өндірісі орындарына «Қазақстандықтар жасаған» атауымен ауқымды пресc-тур ұйымдастырды. Оның барысында мультимедиалық жүйелер мен автомобиль орындықтарын өндіретін автокомпоненттер технопаркі, Hyundai Trans Kazakhstan және Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауыттарының тыныс-тіршілігі таныстырылды.
Ауқым. Қауіпсіздік. Қатаң стандарт
Astana Motors компаниясына кіретін өндіріс ошақтары Алматының индустриялдық аймағында орын тепкен зауыттардың ең үлкені. Аймаққа беттегеннен-ақ ауқымымен көзге түседі. Зауытқа кіру әуелі қауіпсіздік талаптарын тәптіштеп түсіндірумен басталды. Арнайы форма таратылып, ережелерді ұстану, белгіленген жермен ғана жүру керегі айтылды. Бұл әрі қауіпсіздік үшін, әрі өндіріс процесіне кедергі келтірмеу үшін жасалған. Себебі жұмыс дамылсыз жүріп жатады. Әр қызметкердің, цехтың өзіне бөлінген міндеті өлшеулі уақытта атқарылуға тиіс. Әйтпегенде цикл бұзылады. Цехтерінің ішіндегі тазалық, ауаның температурасы мен ылғалдылығы, желдету жүйесі қатаң стандарттарға сай.

АВТОКОМПОНЕНТ ӨНДІРУ ТЕХНОПАРКІ
Журналистер алғаш барған орын автокомпоненттер өндіру технопаркі болды. Парк 100 мың шаршы метр аумақта орналасқан. Өндірістік нысандардың ауданы 20 мың шаршы метрден асады. Технопарк аумағында автокөлік орындықтарын, мультимедиялық жүйе шығаратын зауыттар, логистикалық хаб орналасқан.
Технопарк өнімдерін Hyundai Trans Kazakhstan зауытына Hyundai автокөліктерінің ұсақ түйінді өндірісіне жеткізіп жатыр. Қазіргі таңда Astana Motors компаниясы қытайлық серіктестерімен Astana Motors Manufacturing Kazakhstan (AMMKZ) мультибрендті зауытында өндірілетін Changan, GWM (Haval and Tank) және Chery брендерінің модельдері үшін автокомпоненттерді локализациялау бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.
Технопарк құрылысына жұмсалған жалпы инвестиция құны шамамен 21,5 млрд теңгені құраған. Болашақта технопарк қызметкерлер саны 600-ге дейін жетпек.
Автокөлік орындықтарын шығару
Автоорындықтарды Astana Motors-тың еншілес Almaty Autoparts Production кәсіпорны шығарады. Жоба оңтүстістіккореялық Youngsan компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр.

Кәсіпорынның сапа және өндіріс технологиясы бөлімінің инженері Жасұлан Айтуреев өндірістік нысандардың ауданы шамамен 5171 шаршы метр екенін айтады. Өндіріс қуаты жылына 100 мың орындық жиынтығын шығаруға мүмкіндік береді. Локализацияның бірінші кезеңінде ортақ инвестиция көлемі 4,4 млрд теңгені құраған. Бүгінде күніне 100 орындық жиынтығы шығарылады.
«Бірінші кезеңде кәсіпорында полиуританды көбік бұйымдарын, яғни орындықтың қалып-пішінін өндіру, жақтауды құрастыру, пластикалық элементтерді қаптау және автокөлік орындықтарын басқару жүйелерін тексеру сияқты өндірістік процестер жүзеге асады. Ол үшін зауытқа Кореядан жеткізілген жабдықтар орнатылды. Біріншісі, көбікті полиуретанды бұйымдарын шығару бойынша автоматтандырылған желі. Аталған желіде құйғыш робот, конвейер желісі, жылыту қондырғылары бар қалып пішіндер, айналмалы вакуумды крашер орналасқан. Екіншісі Hyundai автокөліктеріне арналған орындықтарды құрастыру желісі. Мұнда монтаждау жұмыстары пневматикалық бекіткіші бар құрастыру қондырғысы және орындықтардың барлық электрлік функцияларын тексеруге арналған сынақ өткізу кешенін қолдану арқылы жасалады», – деді ол.
Кәсіпорын қазіргі уақытта Hyundai Trans Kazakhstan зауытында ұсақ түйінді әдіспен өндірілетін Hyundai Tucson және Santa Fe моделдеріне арнап орындықтарды шығарып жатыр.
Орындық өндірісінде кәсіпорын Hyundai Motor Company жеткізуші-зауытынан сатып алынған құрал-жабдықтар, шикізат пен жиынтықтар, сонымен қатар көбікті қалып-пішіндерді өндіруге арналған сұйықтық, салынбалы элементтер, жақтаулар, орындық қаптамалары, пластикалық бөлшектер сияқты компоненттерді пайдаланады.
Жасұлан Айтуреевтың сөзінше, 2026 жылы зауыт жеткізілетін шикізаттан автокөлік орындықтарының қаптамасын тігу бойынша локализацияның екінші кезеңіне өтеді. Сондай-ақ, бәсеңдеткіштерді (газ шығару жүйесі) дәнекерлеуге, сонымен бірге жанармай және тежегіш түтікшелерін шығаруға арналған жаңа цехтардың құрылысы жоспарланған. Бұл кезеңге қажетті қосымша инвестиция шамамен 6 миллиард теңгені құрайды.
«Зауытта 150 жұмысшы қызмет атқарады. Дені Алматы мен облысының тұрғындары. Кәсіпорын дамуының екінші кезеңінде орындық қаптау цехы іске қосылған соң Almaty Autoparts Production жұмысшыларының саны 350 адамға дейін өседі. Компания қызметкерлері Youngsan компаниясының тәжірибелі мамандарынан білім алып, кореялық инженерлермен бірге жабдықтарды қондыру және баптау жұмыстарына қатысты», – дейді Жасұлан Айтуреев.

Мультимедиялық жүйелер зауыты
Astana Motors автокөлікке арналған мультимедиялық жүйелер шығаратын Kazakhstan Mobility Engineering зауытын оңтүстіккореялық серіктесі – Motrex компаниясымен бірлесіп жүзеге асырады.
Кәсіпорын 2024 жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілген. Кәсіпорындағы өндірістік нысандардың ауданы 1400 шаршы метрді құрайды. Өндірістік қуаты – жылына 100 мың мультимедиялық жүйе. Инвестиция көлемі – 890 млн теңге.
Зауытта өндірілген электронды аудио және бейне жабдықтар Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan зауытына жеткізіледі. Оларға толықтай қазақ тілі енгізілген. Бүгінде бұл жүйелер Hyundai автокөліктерінің Tucson, Elantra, Palisade, Santa Fe және Mufasa секілді моделдерінің қойылып жатыр
Алдағы уақытта Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибрендті зауыты да өзінің автокөлік өндірісінде Kazakhstan Mobility Engineering кәсіпорны шығарған мультимедиялық жүйелерді қолданатын болады.
HYUNDAI TRANS KAZAKHSTAN
Журналистер барған Astana Motors компаниясының еншілес келесі кәсіпорны – Hyundai жеңіл автокөліктерін өндіретін толық циклды Hyundai Trans Kazakhstan зауыты. Құрылысы 2019 жылы басталып, бір жылда бой көтерген. Жаңа өндірісте жабдықтарды монтаждау процесіне Оңтүстік Кореядан 120-дан астам инженерлер қатысқан. Шанақтарды дәнекерлеу мен бояу, пластикалық бөлшектерді бояу цехтары және компоненттер қоймасы бар зауыт толыққанды 2020 жылдың 23 қазанында іске қосылған.
Өндіріс қуаты – жылына 50 мың автокөлік. 2025 жылдың соңғы 10 айы бойынша зауытта 43 665 автокөлік шығарылған. Ал 2020 жылдан бастап жиыны 209 437 автокөлік өндірілген.
Қазіргі таңда Hyundai Trans Kazakhstan зауытында Hyundai брендінің Tucson, Mufasa, Sonata, Elantra, Santa Fe, Palisade, Staria, Custin және премиум санатындағы Genesis брендінің төрт моделі шығарылады.

2020 жылдан бері кәсіпорын мамандары Hyundai Accent, Hyundai Tucson, Hyundai Santa Fe модельдерін дәнекерлеу мен бояу ұсақ түйінді өндіру (CKD) әдісімен 1000 аса операцияны меңгерген.
Hyundai Trans Kazakhstan зауытының өндіріс бойынша директорының орынбасары Ербол Қасымханов кәсіпорындағы барлық операциялар Hyundai Motor Company (HMC) компаниясының қатаң бекітілген технологиялық процесі негізінде жүргізілетінін айтады. Бұл әр автокөлік Hyundai халықаралық стандарт талаптарына сай тексеруден өтетінін білдіреді.
«2025 жылы локализацияны ұлғайту мақсатында Hyundai Trans Kazakhstan зауыты өндірісті роботтандырып, жаңа технологиялық деңгейге көшті. 2025 жылдың қаңтар және ақпан айлары аралығында ауқымды модернизациялау және жаңа жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізілді. Модернизацияның нәтижесінде технологиялық процестерді оңтайландырылып, дәнекерлеу мен бояу әдістерін қолдану арқылы ұсақ түйінді өндіріс екі есе артты, – дейді ол.
Astana Motors жобаға 8,5 млрд теңге инвестиция жұмсаған. Модернизация нәтижесінде зауыт өндірілетін өнімнің 50%-дан астам көлемін автөкөлікті ұсақ түйінді әдіспен дәнекерлеу және бояу арқылы шығауға мүмкіндік туған.
“Ұсақ түйінді өндіріс көлемінің ұлғаюына байланысты қызметкер 500 адамнан асты. Жұмысшылар жаңа дағдыларды игеріп, техникалық біліктілігін арттыру үстінде. Сонымен бірге шетелде үнемі кәсіби білімін шыңдайтын инженерлік құрам айтарлықтай кеңейіп келеді», – дейді Ербол Қасымханов.
Hyundai Trans Kazakhstan модернизациялау жұмысына кәсіпорынның өз мамандары, Hyundai Motor Company (HMC), PAILANT және DK&G (Корея Республикасы) шақырылған инженерлері қатысқан. Өндірістің жаңа технологиялық деңгейіне өту үшін Astana Motors Корея Республикасы, Жапония және Қытай Халық Республикасынан жабдықтар сатып алған. Нәтижесінде қазір өндірісте 17 робот жұмыс істеп тұр.

Дәнекерлеу цехын жаңғырту жұмыстары кезінде цехта Оңтүстік Кореядан жеткізілген 5 Hyundai Robotics дәнекерлеу роботы, 14 сервопистолет, 111 дәнекерлеу пистолеті орнатылған. Сонымен қатар Hyundai Santa Fe моделін дәнекерлеуге арналған кондукторлары бар автоматты конвейер мен шатыр шығыршығы қондырылған.
«Локализация деңгейінің арттуының арқасында дәнекерлеу желісіндегі посттар саны 20-дан 23-ке дейін өсті. Қазіргі уақытта компания Hyundai Tucson кроссоверін жаңа жабдықтарды пайдалану арқылы өндіріп жатыр. Сонымен қатар, Santa Fe моделінің өндірісі де жолға қойылды. Бұл ретте роботтар дәнекерлеу жұмыстарының 30%, атап айтқанда қол жеткізу қиын және дәнекерлеу нүктелерінің ең көп орналасқан бөліктерінде операцияларды жүзеге асырады», – деп атап өтті Hyundai Trans Kazakhstan зауытының өндіріс бойынша директорының орынбасары.
Бұдан бөлек кәсіпорынның бояу цехында да инженерлер бірқатар өзгерістер енгізген. Мұнда жапониялық Yaskawa компаниясының 6 өнеркәсіптік роботы мен шанақтарды бояу желісіне жеткізетін автоматты конвейері іске қосылған. Конвейердің механикалық бөлігі Корея Республикасында, ал электр қозғалтқыштары Жапонияда жасалған.
«Сонымен қатар цех аумағында катафорез желісі, герметик пен мастиканы жағу, корпусты бояу мен жылтыратуға дайындау бойынша өндіріс учаскілері жаңартылды. Еңбек жағдайын жақсарту үшін өндіріс орындарында ауаны желдету жүйесі қондырылды, өндіріс аумағы кеңейтілді, шанақтың қол жеткізу қиын жерлерімен жұмыс істеу үшін қосымша жарықтандыру және подиумдар орнатылды», – деп қосты Ербол Қасымханов.

Ұсақ түйінді әдіспен автокөлік өндіру процесінің соңғы кезеңі – құрастыру цехы. Бұл жерге шанақ дәнекерлеу, өңдеу, бояу және жылтырату жұмыстарынан кейін келеді. Қазір шанақтарды автоматты түрде тасымалдауға арналған 4 робот бар. Олардың жұмысы цехтың тиімділігін арттыра түседі.
«Құрастыру желісінің ұзындығы 16 станциядан 25 станцияға дейін өсті. Цехта шанақтарды тасымалдауға арналған EMS аспалы ілгіштер бар шассидің автоматты конвейер желісі, интерьер және экстерьер орнату желісінің конвейері, қосымша манипуляторлар және алдыңғы әйнекке герметик жағуға арналған YASKAWA роботы орнатылды», – дейді ол.
ASTANA MOTORS MANUFACTURING KAZAKHSTAN (AMMKZ)
Мазмұнды ақпаратқа толы пресс-тур 2025 жылғы қыркүйекте іске қосылған Astana Motors Manufacturing Kazakhstan толық циклді мультибрендттік зауытта жалғасты. Мұнда әлемде бірінші рет Қытайдың жетекші үш автокөлік бренді, атап айтқанда Chery, GWM (Haval, Tank) және Changan көліктері өндіріледі.
Кәсіпорында брендтердің Қазақстанда ұсынылған барлық модельдік қатары шығарылады. Алғашқы кезеңде Сhery Tiggo 2 Pro, Haval Jolion және Changan CS55 модельдерінің өндірісі іске қосылған.
AMMKZ өндіріс бойынша директорының орынбасары Алексей Дормидонтовтың сөзінше, зауыттың ерекшелігі оның өндірістік желілерінің жоғары икемділігінде.
«Техникалық жабдықтар ұсақ түйінді әдіспен бір уақытта 12 модельге дейін шығаруға, сондай-ақ өндіріс желісін жедел түрде қайта құруға мүмкіндік береді. Бұл модельдік желіні жасақтау кезінде икемді, сонымен бірге нарық сұранысы мен экспорт әлеуетінің өзгерістеріне бейімделуге мүмкіндік береді», – дейді ол.
Өндіріс қуаты екі ауысыммен жұмыс істегенде ұсақ түйінді әдіс арқылы жылына 120 000 көлікті құрайды.
Зауытқа қажет қондырғыларды автокөлік зауыттарына арналған жабдық өндіруде көшбасшы атанған, әлемге танымал қытайлық Automotive Engineering Corporation компаниясы жеткізді.

AE Corp. клиенттері қатарында BMW, Hyundai, Toyota, Jaguar, Land Rover, BYD, Mercedes-Benz, Volkswagen және т.б. брендтер бар. Компания 30 000-нан астам жобаны жүзеге асырып, әлемдегі шамамен 80% зауытқа жабдық жеткізген. Сондай-ақ, зауытқа Siemens (Германия), ABB (Швеция-Швейцария), Schneider (Франция), Fanuc (Жапония) және т.б. жаһандық брендтердің жабдықтары да жеткізілген.
Зауыттың дәнекерлеуден бастап құрастыруға дейінгі барлық өндірістік сатысында жалпы саны – 54 роботат салысады:
- Дәнекерлеу цехында шанақ элементтері қосылымдарының жоғары дәлдігін және сапасын қамтамасыз ететін 17 Fanuc роботы іске қосылған.
- Бояу цехы 34 өнеркәсіптік роботтармен және ABB маркалы атомайзерлермен жабдықталған. Мұнда 20 ваннадан тұратын катафорез желісі орнатылып, шанақтарды жоғары технологиялық деңгейде антикоррозиялық өңдеуге мүмкіндік береді.
- Құрастыру цехында бөлшектерді дәл орнату және жұмыс процесінің тиімділігін арттыру үшін 3 Fanuc роботы жұмыс істейді.
AMMKZ – дәнекерлеу және құрастыру цехтары екі қабатта орналасқан ТМД аумағындағы жалғыз зауыт. Ал шанақтарды автоматты түрде тарататын қоймасы бар ел аумағындағы бірінші зауыт. Сонымен қатар кәсіпорын еденінде электромобиль өндірісінде пайдаланылатын арнайы жабдықтар орнатылып, антистатикалық жабын төселген.
AMMKZ аумағының жалпы ауданы 309 000 шаршы метрді құрайды, ал оның 211 000 шаршы метрін өндіріс орындары алып жатыр.
«Зауыт аумағына дәнекерлеу, бояу, құрастыру цехтары, шанақтарды тарату, лак-бояу материалдары, компоненттер және дайын өнім қоймасы сияқты логистикалық қоймалар, сынақ полигоны, дайын көлікті тиеп жөнелтуге арналған алаңдар, тазарту қондырғылары, қазандық, компрессорлық, салқындатқыштар мен салқындатқыш мұнаралар секілді инженерлік желілер, әкімшілік-тұрмыстық корпус және т.б нысандар кіреді. Кәсіпорынның инженерлік ерекшеліктері қатарына цехтардың әртүрлі деңгейдегі орналасуын, сонымен қатар өндірістік учаскелерді сынақ полигоны және дайын өнім қоймасымен байланыстыратын ұзындығы 30 метрден асатын туннельді жатқызуға болады», – дейді Алексей Дормидонтов.

AMMKZ – лак-бояу камерасында құрғақ коагуляция әдісін қолданатын ТМД аумағындағы алғашқы зауыт болып отыр. Құрғақ коагуляцияның кең таралған су коагуляциясынан айырмашылығы, су мен химиялық заттар қолданылмайды, камерадағы зиянды заттарды 60% тиімді ұстайды және электр энергиясын 35% аз пайдаланады. Зауыт аумағында қосымша экологиялық шаралар қарастырылған. Айталық, 3000 м3 су қоймасы бар жаңбыр суын жинау жүйесі орнатылған. Жиналған су зауыт аумағындағы жасыл желектерді суару үшін және өрт сөндіру жүйесінің резерві ретінде пайдаланылады. Сонымен қатар зауытта арнайы тазарту қондырғылары мен техникалық сұйықтықтарды айдауға арналған қосалқы ванналар орнатылған.
AMMKZ құны 215 млрд теңгеден асады. Оның ішінде 41% – Astana Motors компаниясының жеке қаржысы болса, 59% – Қазақстан Даму банкі мен Өнеркәсіпті дамыту қорынан 9% мөлшерлемемен 15 жылға қарызға алынған қайтарымды қаражат.
Зауыт құрылысы қазақстандық инженерлер мен құрылысшылардың күшімен жүргізілген. Олардың үлесі 90% құрайды. Құрылыс кезінде пайдаланылған материалдардың 50% астамы отандық өндіріс өнімдері. Оның ішінде бетон, арматура, құбыр, желдеткіш қораптары секілді материалдардың үлесі 100%-ға жеткен. Құрылыс кезінде 14,5 м3 бетон, 16 мың тонна металл өнімдері қолданылған.
Зауыт кеңсесі мен тынығу аймақтары

Зауытта өндірістік нысандардан басқа 430 жұмыс орнына арналған кеңселер мен демалыс орындары қарастырылған. Кеңсенің қақ ортасына қысы-жазы жап-жасыл болып тұратын бақ жасалған. Ол жерден жүзіп жүрген балықтарды да кезіктіруге болады. Қызметкерлердің игілі үшін 168 орындық кинотеатр, кітапхана, футбол, волейбол, үстел теннисі, бокс және күреске арналған спорт залдары, фитнес тренажерлар қарастырылған. 1000 орындық асханада қызметкерлерге күніне бір мезгіл тегін тамақтану ұйымдастырылған. Кеңселер мен демалу аймақтарының аумағы 25 000 шаршы метрді құрайды. Бұл зауыттың жалпы ауданының шамамен 20% алып жатыр.
СҰРАҚ–ЖАУАП

Astana Motors ең көп салық төлейтін екінші компания
Зауыттардағы пресс-турдың қорытынды бөлігінде Astana Motors компаниясы мен Қазақстан автомобиль одағының өкілдері брифинг өткізіп, журналистердің сауалына жауап берді.
Astana Motors КМК-ның бас директоры Бекнұр Несіпбаев Astana Motors бүгінде елдегі жеке компаниялардың ішінде екінші ірі компания екенін, ірі салық төлеуші жеке компаниялар ішінде төртінші екенін атап өтті.
«Қазіргі уақытта ел бойынша 59 дилерлің орталығымыз, 100-ден астам дилерлік серіктестеріміз бар. 2024 жылы төлеген салығымыз 334 млн доллар. Astana Motors компаниясында 10 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бүгін өздеріңіз көрген зауыттардың өндірістік қуаты жылына 120 мың көлік шығаруға мүмкіндік береді. Біз алдағы уақытта Қазақстан нарығынан тыс жерлерге шығуды жоспарлап отырмыз. Шын мәнінде Қазақстанның ЕАЭО аясындағы елдермен, одан бөлек көптеген елдермен баж салығы салынбайтын сауда келісімі бар. Ол бажсыз келісім қазақстандық өндірістің үлесі 51 пайыздан асқан жағдайда әрекет ете бастайды. Сондықтан біз алдағы 5 жылда локализация үлесін 51 пайызға дейін жеткізуді мақсат етіп отырмыз», – деді ол.
Сапасына сенімдіміз
Бекнұр Несіпбаев автокөлік техникалық-лицензиялық шартпен шығарылатынын айтады. Ол қандай да бір марканың логотипін ілуге мүмкіндік береді. Егер бір көлікке байланысты мәселе туындаса, ол сол көлік сатылатын әлемнің бүкіл еліне зиянын тигізеді. Сондықтан оның артында сапаға деген үлкен талап тұр.
«Осындай зауыттар салынғанда автокөліктердің OEM – Original Equipment Manufacturer мамандары келіп сапаны қадағалайды. Өйткені осындағы технология мен кәсіби мамандар Қытайдағы сапамен тең болуы керек. Әр цехте сапаны тексеру департаменті бар. Біз шанақ геометриясын өлшеген кезімізде ақпарат бірден OEM мамандарына кетеді. Одан бөлек үш ай сайынғы аудит бар. Әр үш ай сайын зауыт жұмысы сапаға толыққанды тексеріледі. Сондықтан біз зауыттарымызда шығарылып жатқан сапасына сенімдіміз», – деді Astana MotorsКМК-ның бас директоры.
Сұраныс болса, электр мен гибрид көліктерді шығара аламыз
Бекнұр Несіпбаев Astana Motors-тың электр немесе жартылай электр көліктерді шығаруы уақыт еншісіндегі мәселе екенін атап өтті.
«Зауыттан шығатын көлік сұранысқа тікелей байланысты. Біз қазірдің өзінде Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауытында линияларды электр немесе гидрид көліктерді шығаруға мүмкіндік болатындай етіп жобаладық. Электро көлік пен іштен жанатын қозғалтқышты көліктерді өндіруде айырмашылық үлкен емес. Айырмашылық тек құрастыру цехында. Екіншіден, батареяларды сақтайтын қойма зауыттан алыстау болуы керек. Бары осы ғана», – деп атап өтті ол.
Мемлекетке ашық, салық төлейтін, индустияға инвестиция салатын кәсіпкер керек
Бекнұр Несіпбаев Қытайдан паралель импортқа қатысты көзқарасын білдіріп, Astana Motors көліктері сұр дилерлердің бағасынан қымбат деген пікірге жауап берді.
«Иә, біздік көліктер сұр дилерлердікінен қарағанда қымбатырақ. Неге, өйткені біз ҚҚС салығын төлейміз. Ал жеке тұлғалар төлемейді. Іс жүзінде оларды жеке тұлға емес, кәсіпкер деп өз атымен атаған жөн болар. Өйткені олар ондап, жүздеп көлік кіргізіп жатыр. Ал біз салық төлейміз, дилерлік орталық саламыз, сапасына кепілдік береміз. Ал басқа кәсіпкерлер көлікті әкеледі, сатады, пайда табады. Мемлекетімізге қайсысынан пайда бар. Әрине ашық, салық төлейтін, зауыт тұрғызатын, индустрияға, инфрақұрылымға инвестиция салатын, жұмыс орындарын ашатын, үш-бес жылдан кейін автокөліктің қосалқы бөлшегін кепілдікпен ауыстырып беретін кәсіпкер керек. Осыны түсініп, ашық айтуымыз керек», – деді Бекнұр Несіпбаев.
2025 жылдың соңғы 10 айы бойынша Hyundai ресми дилерлері 39 959 көлік сатқан. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен (34 101 дана) салыстырғанда 17,2%-ға жоғары. Осылайша, бренд республикадағы ең көп сатылатын 10 автокөліктің қатарында бірінші орынды иеленді. Бұл қазақстандықтар Hyundai Trans Kazakhstan зауытынан шыққан отандық автокөліктерді таңдайтынын көрсетеді. Осы дәстүрді енді Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауыты жалғастыруға ниетті.