Елде салық төлеушілердің жария паспорты пайда болады

Қазақстанда тауарлар мен қызметтерді тұтынатын кез келген азамат енді салық төлеушілердің паспорттарындағы деректерін көре алады.
Мемлекеттік кірістер комитеті баспасөз қызметінің мәліметінше, ведомство арнайы бұйрық бекіткен. Құжатта салық төлеушінің паспортында көрсетілетін деректер тізбесі, оны қалыптастыру тәртібі және уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру қағидалары мен мерзімдері айқындалған. Бұйрық салық кодексінің 36-бабы 4-тармағын іске асыру мақсатында қабылданған.
Ведомствоның түсіндіруінше, бұл құжаттың негізгі мақсаты – салық құпиясына жатпайтын ақпаратқа ашық қолжетімділікті қамтамасыз ету. Мұндай деректерді жария түрде орналастыру азаматтарға, сатып алушылар мен қызмет пайдаланушыларға салық төлеушіні анықтап, құқық бұзушылық болған жағдайда шағым немесе өтініш жіберуге мүмкіндік береді.
«Қабылданған нормалар кәсіпкерлердің ашықтығы мен жауапкершілігін арттыра отырып, қоғамдық бақылаудың тиімді тетігін қалыптастырады. Мәліметтердің ашықтығы салық жүйесіне деген сенімді күшейтіп, салық заңнамасын сақтау деңгейін жоғарылатады», – деп атап өтті комитет.
Қоғамдық тамақтану және сауда саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер салық төлеушінің паспортын кассалық аппараттар орналасқан жерге және халыққа қолжетімді өзге де орындарға орналастыруға міндетті. Сондай-ақ паспорт уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланады.
Бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитеті бизнес үшін «Контрагенттер туралы мәліметтер» сервис әзірлегенін жария еткен еді. Ол жүйе бойынша кәсіпкер өз серіктесі жайлы барлық ақпаратты онлайн сервистен тексере алады.