Зеленский: Украина аумағына қатысты мәселені халық шешуі керек

Владимир Зеленский Ресейге кейбір аумақты қалдыру туралы мәселені Украина халқы шешуі керек деп есептейді. Бұл жайлы ол журналистермен кездесуде айтты.
«Бұл сұраққа Украина халқы жауап беруі керек деп есептеймін. Сайлау немесе референдум болсын, Украина халқы өз ұстанымын ашық айтуы керек», – деді ол.
Оның сөзінше, Киев АҚШ-қа «бейбітшілік жоспарының» жаңаланған нұсқасын жіберген. АҚШ тараптар арасын реттеу үшін Ресей және Украина әскері тұрған шығыс өңірде «еркін экономикалық аймақ» құруды талап етіп отыр.
«Олар украиналық әскер Донецк облысының аумағынан кетіп жатқанын көріп отыр. Ендігі келісім ресейлік әскер бұл аумаққа кірмеуі керек дегенді меңзейді. Бірақ осы бір «еркін экономикалық аумақты» немесе «қарусыз аймақты» кім басқаратыны белгісіз», – деді Зеленский журналистерге.
Бұл жоспарға сәйкес, Ресей Донецк облысынан немесе Херсон мен Запорожье облыстарындағы өз позицияларынан әскерін шығару міндетін алмайды. Бірақ Харьков, Днепропетров және Сумы облыстарындағы өз бақылауында ұстап отырған аумақтардан кетеді.
Бұған дейін Зеленский президент сайлауын өткізуге дайын екенін де мәлімдеген еді. Егер одақтастары дауыс беру қауіпсіздігіне кепіл берсе, Украина алдағы 60-90 күн ішінде сайлау өткізуге дайын.