Бәрі қымбат: халық келер жылы инфляция 20 пайызға жетеді деп есептейді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Халық келер жылы инфляция артады деген пікірде / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандықтардың инфляцияға қатысты алаңдаушылығы күшейіп келеді. Күз соңына қарай халықтың бағаға қатысты күтулері айтарлықтай нашарлағаны байқалады. Ұлттық банктің сауалнамасына сәйкес, респонденттердің 13,9%-ы алдағы 12 айда инфляция 20%-дан да жоғары болады деп есептейді.

Қазан айында мұндай пікірдегі азаматтар 11,4% ғана болған еді. Сондай-ақ 16–20% аралығындағы инфляцияны күтетіндер тобы да ұлғайып, бір айда 10,1%-дан 11,9%-ға дейін өсті.

Сонымен бірге халық болжам айтуда өз пікіріне сенімді бола бастады: «жауап беруге қиналамын» дегендер үлесі 54,3%-дан 47,8%-ға дейін азайған. Бұл белгісіздік бәсеңдеп, баға одан әрі өсуі мүмкін деген түсінік күшейгенін көрсетеді.

Осы көңіл-күй қазіргі ресми мәліметтермен де байланысты. 2025 жылдың қараша айында жылдық инфляция 12,4% болды. Бұл қазан айындағы 12,6%-дан сәл төмен болғанымен, жалпы алғанда жоғары деңгейін сақтап тұр.

Азық-түлік бағасы 13,4%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11,2%-ға, ақылы қызметтер 12,3%-ға қымбаттаған. Яғни халық сезінген қымбатшылық нақты статистикадан алшақ емес, керісінше, бағалардың тұрақсыз өсімі инфляциялық болжамды одан әрі күшейтіп отыр.

Осының бәрі қазақстандықтардың бағаның бұдан да жоғары қарқынмен өсуінен қауіптенуіне негіз болып тұр. Қазірдің өзінде инфляция екі таңбалы деңгейде қалып, күнделікті қажетті тауарлар мен қызметтер қымбаттап жатқан соң, тұрғындар инфляция 20%-дан жоғары болады деген пікірде.

Сондай-ақ оқыңыз