Дархан Сатыбалды бір топ желтоқсаншымен кездесті

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматтармен кездесті. Бұл туралы Kursiv.Media мегаполис әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлады.

Тәуелсіздік күні және Желтоқсан оқиғасының 39 жылдығы қарсаңында өткен кездесуге Талғат Рысқұлбек, Гүлбахрам Жүніс және басқа да ондаған желтоқсаншы қатысты.

«Әкім Алматының қоғамдық өміріне белсене үлес қосып жүрген желтоқсаншылардың патриоттық ұстанымын, азаматтық позициясын және ұлттық құндылықтарға беріктігін атап өтті», – деп таратты әкімдіктің баспасөз хатшысы.

1986 желтоқсан көтерілісі Сатыбалды
фото: gov.kz

Ресми мәліметке қарағанда, жүздесуде әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер көтеріліп, қосымша әлеуметтік қолдау шаралары талқыланды. Сонымен бірге Желтоқсан оқиғасының 40 жылдығын атап өтуге қатысты ұсыныстар айтылды.

Кездесу соңында әкім Сатыбалды президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «бастамаларын қолдап жүрген» желтоқсаншыларға алғыс білдірді.

«Қала әкімдігі, Мәслихат депутаттары және қоғамдық ұйымдар жүргізіліп жатқан реформаларды жүзеге асыру және қаланы дамыту бойынша бірлескен жұмысты жалғастырады», – делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы билігі 17 желтоқсанда қаласының сегіз ауданында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында қаза болғандарды еске алуға арналған ас ұйыдастырады. Сол күні шаһар басшылары Республика алаңындағы «Тәуелсіздік» монументіне және Желтоқсан көшесіндегі «Тәуелсіздік таңы» ескерткішіне гүл қояды.

Желтоқсан көтерілісі – 1986 жылы 17-18 желтоқсанда Қазақстанда болған ірі қоғамдық-саяси оқиға. Сол күндері жастар Дінмұхамед Қонаевтың қызметтен алынып, оның орнына Геннадий Колбиннің тағайындалуына қарсы шыққан.

Бұған дейін Kursiv.Media танымал продюсер Алуа Қонарованың Желтоқсан оқиғасы туралы ойларын жариялаған.

2025 жылғы көктемде 1986 жылғы көтеріліске қатысушылар сот арқылы ақталған.

Сондай-ақ оқыңыз