Қазақстандағы коучтердің ресми реестрін жасап, тіркеуге алады

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: ашық дереккөзден

Еnbek.kz платформасындағы кәсіби стандарт негізінде сертификатталған коуч-тренерлердің тізілімі (реестрі) жасалады. Депутаттық сауалға жауап берген премьер-министр Олжас Бектенов осылай деді.

«Кәсіптік стандарт 9 қызметті қамтиды: бизнес-коуч, мансаптық коуч, лайф-коуч, командалық коуч, көшбасшылық коуч, денсаулық және сауықтыру коучі, кәсіпкерлерге арналған коуч, білім беру коучі, спорттық дайындық коучі. Кәсіптік стандарттың негізінде Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында (career.enbek.kz) сертификатталған коуч-жаттықтырушылар тізілімі жасақталады», – деп жазылған премьер жауабында.

Сондай-ақ коучтардың адал жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңға түзетулер әзірленді. Онда коучтардың өзінің кәсіби біліктілігін тану туралы сертификатқа ие болуын, оны тұтынушыға таныстыруды міндеттейтін, сондай-ақ тұтынушыға өзі көрсететін қызметке қатысты жаңылыстыратын ақпаратты, сондай-ақ жалған жарнаманы таратуға тыйым салатын нормалар енгізілді.

Егер коучтың әрекетінде алаяқтық құрам болса, Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады.

«Осылайша, жоғарыда аталған нормалар тұтынушылардың құқықтарын кешенді түрде қорғау үшін негіз болады және қажетті біліктілігі жоқ адамдардың, әсіресе азаматтардың психологиялық және эмоционалдық жай-күйіне әсер ететін салалардағы қызметіне тыйым салынады», – дейді Олжас Бектенов.

Осыған дейін депутат Дәулет Мұқаев коучтар, түрлі курс сататындар үшін жаңа ереже пайда болғанын айтқан. Оған сәйкес келесі жылдан бастап академиялық білімі бар адамдар ғана курс сата алады.

Сондай-ақ оқыңыз