Аутизммен ауыратын қыздың қолын сындырған психолог сотталды

Бішкектің Ленин аудандық сотында аутизм диагнозы бар қыздың қолын сындырған жеке психолог Илья Ананьевке үкім шығарылды.
Kaktus.media ақпаратына қарағанда, ол бас бостандығынан айырылып, жалпы режимдегі колонияда алты жыл отырмақ.
Бұл туралы «Балалар құқығын қорғаушылар лигасы» ҚҚ жетекшісі Назгүл Турдубекова хабарлады. Оның айтуынша, айыпталушы сот залында қамауға алынған.
Бұған дейін ұйымға Чынара Жүнүсова жүгінген. Ол ұзақ уақыт бойы сабақ барысында оның қызы Наристе Нұрлановаға ауырсыну тудыратын әдістер қолданылғанын айтқан.
Ал 2024 жылғы 23 желтоқсанда жеке сабақ кезінде тәрбиеші-психолог баланың қолын сындырып жіберген.
«Бес операция, үздіксіз ауырсыну және қазір созылмалы остеомиелит. Наристе бірнеше айға созылған ауыр ем қабылдады. Әр процедура оған өте қиынға соқты. Әсіресе оның диагнозын ескерсек. Ол адамдардан қорқатын болды. Жанасудан қорықты. Әлі күнге дейін тыныштала алмай жүр», – деді анасы.
Жүнүсова бұл оқиға туралы ақпарат таратып, соттан әділ үкім күткенін айтты.