«Мұндай мәлімдеме жасау өте қауіпті»: Жеңіс Қасымбек депутатқа қатаң тоқтау қойды

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Жеңіс Қасымбек / фото: gov.kz
Жеңіс Қасымбек / фото: gov.kz

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қалалық мәслихаттың отырысында Астананы қылмыс жағынан Каракасқа теңеген депутатқа қатаң түрде тоқтау қойды.

Астана қалалық мәслихатының отырысында депутат Талғат Ерғалиев елорданың Сарыарқа ауданында қылмыс ең көп тіркелетінін мәлімдеген. Оның айтуынша, аталған ауданда әр 10 күн сайын бір адам өлтіру дерегі, әр 15 күн сайын бір зорлау фактісі орын алады. Сонымен қатар күн сайын алты ұрлық және есірткіге байланысты екі қылмыс тіркеледі.

Осы деректерді алға тартқан депутат жағдайды «соғыс кезіндегі ахуалмен» салыстырып, Каракас қаласындағы қылмыс деңгейіне қатысты мәліметтерді келтіре бастаған. Осы сәтте Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің шыдамы таусылғаны байқалды.

Қала басшысы депутатты келтірген сандарын нақты дәлелдеуге шақырып, мұндай мәлімдемелердің ауыр салдары болуы мүмкін екенін ескертті.

Ал депутаттың пікірінше, Сарыарқа ауданында полиция тірек пункттерінің санын арттыру қажет.

«Мұндай мәлімдеме жасау өте қауіпті. Бізді мұнда журналистер тыңдап отыр. Қылмыстың азаюы елорданың Қазақстан бойынша да, әлемдік мегаполистер рейтингіндегі де орнын айтарлықтай жақсартады. Сондықтан Астананы Каракаспен немесе басқа қалалармен салыстыру орынсыз. Мұнда бәріміз жауаптымыз. Ескерту жасағым келмейді, бірақ қала басшысы ретінде сізден осыны ескеруді сұраймын», – деді әкім депутаттың сынына жауап бере отырып.

Сарыарқа ауданына қатысты Қасымбек ресурстарды бөлу, соның ішінде мектептер, жолдар, медициналық және мәдени нысандар салу аудан халқының санына сәйкес жүргізіліп жатқанын түсіндірді. Қазіргі таңда Көктал шағынауданында жаңа перинаталдық орталықтың құрылысы жүріп жатыр, үшінші көпбейінді аурухананың құрылысына дайындық жүргізілуде. Сонымен қатар бассейні бар Оқушылар сарайы, жаңа жайлы мектептер, оның ішінде агроқалашықтардағы білім беру мекемелері бой көтеруде.

Әкімнің айтуынша, Сарыарқа ауданы жоспарлы түрде дамып келеді және қала үшін ерекше маңызға ие, өйткені бұл аумақ – ескі теміржол вокзалы орналасқан, маңызды инфрақұрылымы бар тарихи орталық. Ол депутаттың ұсынысын ескере отырып, қала билігі Сарыарқа ауданының қажеттіліктерін қосымша талдайтынын және қажет болған жағдайда келесі жылдың бюджеті аясында қосымша ресурстар бөлінетінін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз