«Самұрық-Қазына» қоры меншігіндегі 15 компанияны нарыққа шығармақ

«Самұрық-Қазына» қоры алдағы бес жылда өз портфеліндегі 15 компанияны бәсекелес ортаға шығарып, тағы төртеуін таратуды жоспарлап отыр. Бұл туралы қор Kazinform агенттігіне берген ресми мәліметінде хабарлаған.
Қор алдымен халық пен инвесторлардың назарында тұрған IPO/SPO бағдарламасын жалғастырмақ. Жоспар бойынша алдағы жылдары биржаға шығатын бес компания бар:
- «Қазақстан темір жолы» АҚ — 2026 жылы;
- «Қазпочта» АҚ — 2028 жылы;
- «Казахтелеком» АҚ — 2027–2029 жылдары;
- «QazaqGaz» АҚ — 2027–2029 жылдары;
- Qazaq Green Power PLC — 2029–2030 жылдары.
Жеке секторға өтетін 10 актив
Қор кейбір активтерді IPO арқылы емес, стратегиялық сатып алушыға сату, басқаруға беру не үлесін кезең-кезеңімен өткізу жолымен бәсекелі ортаға қосады. Тізімге энергетика, өндіруші өнеркәсіп, телеком және құрылыс саласында жұмыс істейтін кәсіпорындар енген:
- Атырау мұнай өңдеу зауыты;
- Павлодар мұнай-химия зауыты;
- Aysir Turizm ve Insaat A.S.;
- KMG International N.V.;
- «Тау-Кен Алтын» ЖШС;
- «Мархит» ЖШС;
- «Северный Катпар» ЖШС;
- «ШалкияЦинк ЛТД» ЖШС;
- «НУРСАТ+» ЖШС;
- «СК-Девелопмент» ЖШС.
Бұл активтердің нарыққа берілісі жеке инвестициялардың көбеюіне және салалардың ішкі тиімділігін арттыруға жол ашпақ.
Қызметі тоқтайтын кәсіпорындар
Портфельді қайта қарау барысында қор экономикалық тұрғыдан тиімсіз немесе стратегиялық рөлі төмен төрт активті тарату туралы шешім қабылданған. Олар: Өскемен ГЭС-і, Балқаш жылу электр станциясы, «КТ-Телеком» ЖШС мен «ҚазМұнайГаз-Сервис».
2024 жылы «Самұрық-Қазына» қорының таза табысы 2,354 трлн теңге болды. Бұл 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 38,6%-ға жоғары. Екі жыл бұрын қор 1,698 трлн теңге табыс тапқан.