Суық аудитория, асханасыз университет: «Шабыт» студенттері жаппай шағым білдірді

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің («Шабыт») студенттері оқу орнының жағдайына байланысты шағымдарын жаппай әлеуметтік желіге жазып жатыр.

«Жаңа ғимаратта ештеңе өзгермеді»

Студенттердің бірі 2023 жылы университет толық жөндеуге жабылғаннан кейін екі жыл бойы «Рома» отелінде оқығанын айтады. Олардың айтуынша, аудитория ретінде отель нөмірлері қолданылып, лифт жиі істен шығып, студенттер мен мұғалімдер ішінде қалып қойған жағдайлар болған.

Студенттердің сөзінше, жаңа оқу жылында жаңа ғимаратқа көшкенімен, жағдай жақсармаған. Аудиториялар өте суық, сондықтан сырт киіммен сабақ оқуға мәжбүр. Сонымен қатар қабырғаларды да өз қаржыларымен бояған. Олар аппаратураға қол жеткізу қиын екенін айтады.

«Шабытқа түсуге кеңес бермеймін! Өзім осы универдің студентімін. Осы жылы оқуымызды Шабыттың жаңа ғимаратында бастадық. Біз көп нәрсе күтіп қалдық. Бізде не интернет желісі жоқ, не асхана жоқ. Кейде дәретханаларды жауып қояды. Еден жуушылар өте аз, универ өте лас. Емтихандарды дұрыс тапсыра алмаймыз. Үңгірде оқитындаймыз. Қанша бала армандап келді, ал мүмкіндіктерді пайдалана алмай отырмыз», – дейді бір студент.

«Қыстық курткамен отырып сабақ оқимыз»

Енді бір студенттің сөзінше, жаңа ғимаратқа көшкен соң да жылу мәселесі шешілмеген.

«Қазір сабаққа қысқы куртка, шапкамен отырамыз. Тіпті киінетін орын да жоқ. Бүкіл курсқа арналған киім ауыстыратын бөлме небәрі 8 шаршы метр ғана. Ал ашылғанына 1 ай ғана болған асхананы жауып тастаған», – дейді студент.

Ал студенттердің тағы бірі университет жатақханасындағы тарақандардың көптігін жазған.

«Сіздер әлі жатақханадағы тарақандар туралы айтпадыңыздар. Ол жақтағы жағдай тіпті сұмдық. Олардың саны бір коттедж салуға жетерліктей. Тіпті бір кезде тарақан бір қыздың құлағына кіріп кеткен жағдай да болды», – дейді студент.

Студенттер оқу орнындағы суық пен ылғалдың салдарынан жиі ауыра бастағанын айтады. Олар мұндай жағдайда төрт жылдық грантты міндетті түрде өтеу талабын әділетсіз деп санайды және жауапты органдардан нақты шешім қабылдауды талап етеді.

Kursiv.media жастардың осы мәселесіне байланысты оқу орнына ресми сауал жолдады. Университет тарапы жауапты бірден бере алмайтынын айтып, толыққанды мәліметтерді жолдау үшін уақыт сұрады. Университеттің осыған байланысты ұстанымы жауап келген бетте жарияланады.

Сондай-ақ оқыңыз