Айзаттың өлімі: сотталушының әкесі қазаны абайсызда болған жағдай деп санайды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Қылмыстық іс Талдықорған сотында қаралып жатыр/фотоны марқұмның туыстыры жолдады

Бастапқыда күйеуі атпен сүйреп өлтірді делінген 32 жастағы Айзат Жұманованың ісі Талдықорған сотында қаралып жатыр.

Айзаттың қазасы

Қайғылы жағдай Жетісу облысы Баласаз ауылында болған.

Тергеу дерегінше, 2025 жылдың 21 маусымы сағат 05:00 шамасында Айбар Жанболат тауға атпен мал бағуға кетіп, 16:30 шамасында үйіне келген. Сол кезде Жұманованың табалдырықта біреумен сөйлесіп тұрғанын көріп, кіммен әңгімелескенін сұраған. Жұманова жауап бермей, үйге кіріп кеткен. Ашуланған Айбар Жанболат мотоциклге отырып, Суықсай ауылындағы дүкенге барып, 7-8 бөтелке сыра сатып алған. Жол бойы сатып алған сыраны ішкен.

Үйге келген соң Жұманованың белгісіз біреумен телефон арқылы сөйлесіп жүргені есіне түсіп, қызғаныш сезімі оянып, әйелін өлтіруді ойлаған.

Оқиғаны бәрі ерлі-зайыптының екіге толмаған қызының көзінше болған.

Туыстары не деді?

Марқұмның анасы Салтанат Жұманова сотта қызының қалай қайтыс болғанын айтып берді.

«Айбардың анасы келіп, «қызыңыз кетіп қалды» деді. Қайда кетті, не болғанын айта алмады. Туысым Раушанға хабарласып, Айбардың туыстары келіп тұрғанын айттым. Ауруханаға бардық, бізді кіргізбеді. «Қызыңыз түнде қайтыс болды» деді. Мәйітін мәйітханаға алып кеткенін айтты. Раушан кіріп, денесін қарады», – деді сотта марқұмның анасы.

Айтуынша, сотталушы бұған дейін де марқұм Айзат Жұманованы ұрып-соққан.

«Сәуірле Айбар Айзатты қатты ұрып-соққанын естідім. Күнде қыдырып, сыра ішкен. Үйленбей тұрғанда да қол көтерген, басын жарған. Қызым Айбардың мінезі жаман екенін айтатын», – дейді анасы.

Ал сотталушы Айбар Жанболаттың әкесі Қайрат Күзбаев та сотта жауап берді. Сөзінше, ұлы ішімдік ішпеген.

«Ұлым «Айзат байқамай құлап қалды» деп айтты. Келінім мені сыйлайтын, ұлымды да сыйлайтын. Ұлым ондай қатыгез емес, абайсызда болған жағдай деп ойлаймын», – дейді сотталушының әкесі.

Сотталушы кінәсін мойындамады

Судья сотталушы Айбар Жанболаттан «тағылған айыпты мойындайсыз ба?» деп сұрады. Сотталушы айыпты толық мойындамайтынын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз