Талдықорғанда 20 жылдан бері дау туғызған жабайы базар жабылды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
рынок Талдыкорган
Фото: Офелия Жакаева, бильд-редактор: Дастан Шанай

Талдықорғанның орталығында 20 жылдан бері тұрғындар мен саудагерлер тарапынан шағым мен наразылық туғызып келген жабайы сауда орны жабылды. Бұл туралы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев ОКҚ-де өткен брифингте мәлімдеді.

Әкімнің айтуынша, заңсыз сауданың көпжылдық мәселесі толық шешімін тапқан. Жергілікті билік бейберекет сауда орнының иесіне жақын маңнан әмбебап базар салуға жер телімін берген.

«Ол келісім беріп, жаңа базар салып шықты. Заңсыз сауда жасағандардың басым көпшілігі сол жаққа көшіп, жұмысын жалғастырып жатыр. Ал бұрынғы орында жаяу жүргіншілерге арналған аумақ жергілікті «Арбат» пайда болды. Айналаны абаттандырдық, жарық орнаттық, орындықтар қойып, гүл ектік. Жұмыс әлі де жалғасуда», — деді әкім.

Журналистердің бұл мәселе түбегейлі шешілді ме деген сұрағына әкім:

«Мүлде мәселе жоқ. Қала орталығындағы мәселені шештік. Бұл 20 жылға жуық уақытқа созылған еді», — деп жауап берді.

Талдықорғандағы жабайы сауда: 20 жылдық түйткіл қалай шешілді?

Көп жылдан бері қала тұрғындарын мазалаған Талдықорған орталығындағы бейберекет сауда орны, нақтырақ айтқанда, Қабанбай батыр, Шевченко, Құрманов және Ақын Сара көшелерінің айналасындағы заңсыз базар ресми түрде жабылды. Бұл аумақтағы саудагерлер тротуарларды жауып, қала әкімдігімен жиі жанжалға түсіп, 2023 жылы тіпті наразылық акцияларына шыққан болатын.

2025 жылы Талдықорған әкімі Ернат Бәзіл саудагерлерге «соңғы ескерту» жасап, «Жасыл базар» маңындағы аумақты босатуды талап етті. Әкімнің сөзінше, қалада заңды сауда орындары жеткілікті, ал кәсіпкерлер салық төлеп, тәртіпке сай жұмыс істеуі тиіс.

Жаңа орын ұсынылғаннан кейін, саудагерлердің көпшілігі сол жаққа көшіп, жұмысын жалғастыруда. Ал бос қалған жер жаяу жүргіншілерге арналған демалыс аумағына айналдырылып, абаттандырылды.

Мұндай шаралар Алматыда да қолға алынған еді. 2025 жылы қала әкімі Дархан Сатыбалды «Барахолкадағы» бейберекет сауданы реттеп, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге уәде берген болатын. Бұған дейін экс-әкім Ерболат Досаевтың тұсында 100-ден астам заңсыз сауда нүктесі жабылған.

Сондай-ақ оқыңыз