
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мұхиттың аржағында Мексикада да ерекше аталып өтті. Әлеуметтік желіде тараған видеода Димаш Құдайбергеннің латынамерикалық жанкүйерлері Қазақстанның Мемлекеттік Әнұранын орындап, қазақстандықтарды мерекемен құттықтады.
Жиналған жанкүйерлер Қазақстан туын көтеріп, әнұранды хормен орындаған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл кездесу жыл қорытындысына арналумен қатар, Қазақстанның Тәуелсіздік күнін атап өтуді мақсат еткен. Жанкүйерлер 2025 жылы болған жарқын сәттерге шүкіршілік етіп, Димаш арқылы қазақ халқының мәдениеті мен құндылықтарын танып-білгендерін атап өткен.
«Димаш бізге тек өнер иесі ретінде ғана емес, үлкен жауапкершілік пен адамгершіліктің үлгісі ретінде әсер етті. Оның арқасында Қазақстан мен қазақ мәдениеті жүрегімізге жақын болды», – деп жазды мексикалық фан-клуб өкілдері әлеуметтік желіде.
Айта кетейік, Димаш Құдайбергеннің шетелдегі жанкүйерлері бұған дейін де Қазақстанға деген құрметін түрлі флешмобтар мен мәдени шаралар арқылы білдіріп жүрген еді.
Бұған дейін Димаштың швейцариялық жанкүйері Эстер Ульман «Димаш және Қазақстан: менің өмірімді қалай өзгертті» атты кітабын шығарған еді.