Алматыдан Астанаға ұшқан ұшақтан түтін шығып, апаттық дабыл соғылды

2025 жылғы 17 желтоқсанда сағат 07:38-де Алматы – Астана бағыты бойынша КС-851 тұрақты жолаушылар рейсінде түтін шықты.
Бұл туралы Көлік министрлігі ақпарат таратты.
«Эйр Астана» АҚ-ның пайдалануындағы Airbus A321N EI-KDG әуе кемесімен авиациялық оқиға орын алды. «Қазаэронавигация» РМК Әуе қозғалысын жоспарлаудың бас орталығы ұсынған ақпаратқа сәйкес, әуе кемесінің салонында түтін пайда болуына байланысты экипаж MAY-DAY апаттық сигналын жариялаған», – делінген хабарламада.
Алдын ала мәліметтер бойынша жолаушылар мен экипаж мүшелері арасында зардап шеккендер жоқ. Ұшақ 07:40-та қайта қонған.
Алматы қаласы әуежайының ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған өртке қарсы және авариялық-құтқару қызметі жұмылдырылған.
«Қазіргі уақытта аталған авиациялық оқиғаның мән-жайларын Көліктегі оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері нақтылап анықтауда», – делінген хабарламада.
Мұның алдында Ақтөбеден Алматыға ұшқан ұшақта бір жолаушы ауырып кейіннен қайтыс болған еді.