Ермұрат Бапи: КҚК-ға шабуылдағаны үшін Украинаны жазғыруға болмайды

Депутат Ермұрат Бапи Каспий құбыр желісі консорциумының (КҚК) мұнай нысандарын атқылағаны үшін Украинаны жазғыру дұрыс емес деп есептейді. Парламенттің төменгі палатасының өкілі Kursiv.Media тілшісінің сауалына осылай деп жауап берді.
Мәжілістің 17 желтоқсандағы жалпы отырысында Айдос Сарым «Аманат» партиясы мүшелерінің депутаттық сауалын оқып беріп, құзырлы органдардан КҚК-ге жасалған дрондар шабуылын құптаған азаматтарды «террорист», «сатқын» ретінде жауапқа тартуды сұраған.
Бапи әріптесінің сауалына баға бермеді, бірақ осы мәселеге қатысты жеке пікірін айтты.
«КҚК құбырына шабуыл жасағаны үшін өзім Украинаны жазғыра алмаймын. Украина соғыс жағдайындағы ел. Мұнай терминалы Ресейдің жерінде тұрған нысан. Сондықтан «Украина, сен неге қазақтың мұнайына залал тигіздің?» деп айтуға менің моральдық қақым жоқ», – деп мәлімдеді Бапи.
2025 жылғы 27 қарашада консорциумның Новороссийскідегі терминалына дрондар шабуылдап, мұнайды танкерлерге құятын құрылғы істен шықты. Соның салдарынан қазақ мұнайын экспорттау шектелді. Қазақстанда өндірілетін мұнай шикізатының 80%-ы КҚК арқылы Батысқа айдалады. Сарымның мәлімдеуінше, осы құбыр желісі арқылы экспорт бір ай тұрып қалса, Қазақстан шамамен 500 млн долларға шығынға батады.