Жаңа жылда қандай отшашуларға тыйым салынады

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов жаңа жыл қарсаңында және тойлау кезінде қандай фейерверктер үшін айыппұл салынатынын мәлімдеді. Бұл жайлы ол Мәжіліс кулуарында тілшілердің сұрағына берген жауабында айтты.
Санжар Әділовтің сөзінше шағын әрі қауіпсіз отшашуларға тыйым салынбайды, ал қауіпті пиротехника үшін әкімшілік жаза қарастырылған.
«Ауланың тазалығына нұқсан келтірмейтін, азаматтарға қауіп төндірмейтін шағын отшашуларға кедергі жоқ. Дегенмен, азаматтардың өміріне, денсаулыққа және мүлікке қауіп төндіретін, аумақты ластайтын тыйым салынған пиротехника үшін әкімшілік жаза қарастырылған», – деді Әділов.
ІІМ жыл сайын Жаңа жыл кезінде жарақат алу және өрт шығу қаупі артатынын ескертіп, тұрғындарды рұқсат етілген пиротехниканы ғана қолдануға шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан он айда 413 мың тонна отшашу құралдарын импорттағанын жазған едік.