400 мың пара алған Хромтау әкімі 12 млн теңге айыппұлмен құтылды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: Хромтау ауданының әкімдігі

Хромтау әкімі Сағындық Шабықбаев пара алғаны үшін 12 млн теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Ол мердігерден пара алып, мемлекеттік сатып алу бойынша жұмысын қабылдауға уәде берген.

«Диапазон» басылымының жазуынша, айыптау қорытындысына сәйкес, аудан орталығының әкімі мемлекеттік сатып алу аясында орындалған жұмыстарды еш кедергісіз қабылдағаны үшін мердігерден 400 мың теңге көлемінде пара алған.

Пара алуға делдалдық жасаған әкімнің досы Нұрбек Қазбек есімді азамат. Ол мердігермен келіссөз жүргізген. Қазбекке тек делдалдық емес, сонымен қатар бопсалау арқылы ақша алу бабы да тағылған, алайда бұл эпизод бойынша мердігер оны кешірген.

Сотта қос айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, Хромтау аудандық сотының судьясы Ерлан Бақытжан Сағындық Шабықбаевты пара алғаны, ал Нұрбек Қазбекті делдалдық жасағаны үшін 12 млн теңге көлемінде айыппұл төлеуге үкім шығарды.

Айта кетейік, ресми мәлімет бойынша, Сағындық Шабықбаев 2023 жылы Хромтау ауданының әкімі болып сайланған. Еңбек жолын 2008 жылы Әйтеке би ауданының Халыққа қызмет көрсету орталығында бастаған. 2016 жылы әкімдікте жұмыс істеп, 2017 жылдан бастап Хромтау ауданы әкімінің аппаратында, ал 2018 жылдан 2023 жылға дейін қала әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

2025 жылдың қараша айының басында оны пара алды деген күдікпен ұстаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз