Қазақстан Жапонияның белді Rakuten компаниясымен серіктесуге мүдделі болып отыр

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Rakuten Group компаниясының басшысы Хироши Микитаниді қабылдады.

Ақорданың мәліметінше, Жапониядағы ресми сапары аясында Қазақстан Президенті Rakuten Group компаниясының негізін қалаушы, басқарма төрағасы және бас директоры Хироши Микитанимен кездескен.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, технологиялық даму мен цифрлық трансформацияның жаңа кезеңіне қадам басқан Қазақстан компания тәжірибесіне зор қызығушылық танытады.

«Президент елімізде алғаш рет жасанды интеллект туралы заң қабылданып, бірінші ұлттық суперкомпьютер іске қосылғанын, электрондық үкімет қызметі мен цифрлық экожүйе жетілдіріліп жатқанын жеткізді. Осы орайда Мемлекет басшысы Rakuten компаниясының Қазақстандағы қызмет аясын кеңейту, сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен тығыз қарым-қатынас орнату ниетін құптады. Атап айтқанда, еліміз компанияның қатерлі ісік ауруларын емдеуге арналған биотехнология саласындағы әзірлемелеріне қызығушылық танытады», – делінген Ақорда хабарламасында.

Хироши Микитани Қасым-Жомарт Тоқаевқа компания жұмысына оң баға бергені үшін алғыс айтып, Қазақстан Президентімен кездесу зор мәртебе екеніне тоқталды. Ол елімізде цифрлық бастамаларды дамытудың жоғары қарқынын атап өтіп, оларды жүзеге асыру үшін ауқымды инвестиция тартылғанына назар аударды.

Rakuten Group – Хироши Микитани 1997 жылы негізін қалаған жапондық технология конгломераты. Компания электронды коммерция, мобильді байланыс, қаржы технологиялары, цифрлық контент, медиақызмет және басқа да онлайн сервистерді қамтитын тұтас цифрлық экожүйені дамытады. Rakuten 30-дан аса елмен және өңірмен халықаралық серіктестік орнатқан.

Қазір Мемлекет басшысы ресми сапармен Жапонияда жүр. Қасым-Жомарт Тоқаев Токиода жапон премьер-министрі Санаэ Такаичимен келіссөз жүргізді.

Сондай-ақ оқыңыз