Еуропа көшбасшылары Украинаға 90 млрд еуро көмек беруге келісті

ЕуроОдақ көшбасшылары 16 сағаттық талқылаудан кейін Украинаға 90 млрд еуро көлемінде қаржылай көмек беруге келісті. Бұл жайлы Еуропа саммитінің төрағасы Антонио Коста хабарлады деп жазады ВВС.
Саммит қорытындысы бойынша жарияланған құжатта қаражат «ЕуроОдақ бюджетімен қамтамасыз етілген капитал нарықтарындағы қарыз алу есебінен тартылады» деп жазылған.
Бұған дейін Украинаға көмек Еуропадағы бұғатталған ресейлік актив есебінен беріледі деген ұсыныс айтылған еді. Бірақ бұл жолғы қаражат ол ресурстан алынбайтын болды. Кей дипломаттардың түсіндіруінше, бұл саяси жағынан тым күрделі болып тұр.
Бастапқы жоспарға сәйкес, Украинаны қаржыландыру Ресейдің резервтері есебінен жүзеге асырылуға тиіс еді. Киев қаражаттың бір бөлігін несие ретінде алады, ал оны Ресей басып кіргені үшін репарация төлегеннен кейін ғана қайтарады. Қазірдің өзінде басқыншылықтан келген шығын 500 млрд доллардан асады деп бағаланып отыр.
Алайда ЕуроОдақтың бірнеше елі бұл жоспарға әуел бастан қарсы шықты. Ресейшіл деп саналатын Чехия, Венгрия және Словакия басшыларынан бөлек, Италия да күмән білдірді. Ал ең басты қарсылық Бельгия тарапынан болды. Себебі дәл осы елде Euroclear депозитарийі орналасқан. Онда Еуропада бұғатталған Кремль қаржысының 210 млрд долларының 193 млрд доллары сақтаулы.
Еуропа Ресейдің 200 млрд еуроға жуық бұғатталған активін тәркілемек ойы бар екенін осы жылы көктемде хабарлаған.
Ал жазда Ресейдің шетелдегі бұғатталған шоттарынан 1 млрд еуро алынып, Киевке аударылды.