Шымкентте ХҚКО-ның 15 қызметкеріне үкім оқылды

Бүгін кешке Шымкенттегі №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының 15 қызметкеріне қатысты үкім оқылды. Сотталушылардың ішінде ең көбі 6 жыл 8 айға жылға бас бостандығынан айырылды. Кейбірі рақымшылық заңына ілініп, қылмыстық жауаптылықтан босатылды.
Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының 15 қызметкеріне қатысты үкімді оқыды. Үкімді тыңдауға келген адамның қарасы көп болып, зал лық толды.
«Жомарт Мұрашимов Қылмыстық кодекстің 247-бабы 3-бөлігінде, 218-бабының 2-бөлігі 2-тармағында, 262-бабының 3-бөлігіндегі қылмыстық құқықбұзушылық белгілерімен кінәлі деп танылсын. Адамның қайтыс болуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылсын», – деді судья Самиддин Темірәлиев.
Халыққа қызмет көрсету орталығының бұрынғы басшысы Жомарт Мұрашимов тамыз айында қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмған еді. Тергеу изоляторына комаға түскен ол есін жимаған күйі жаны үзілген. Сотталушы «Заңсыз сыйақы алу» бабы, «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру» бабы және «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу» бабымен айыпталған. Бірақ тергеуде де сотта да кінәсін мойындамаған.

Сот қалған 14 адамның тоғызын Қылмыстық кодекстің «Заңсыз сыйақы алу» бабымен кінәлі деп танып, бас бостандығынан 1 жылға айырды. Рақымшылық заңымен оларды негізгі қылмыстық жауаптан босатты. Ал «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу» бабымен тағылған айып алынып, қылмыстық іс дәлелденбегендіктен бұл баппен ақталды. Қалған 5 адам аталған екі баппен де кінәлі деп танылды. Бірі – 6 жыл 8 айға, төртеуі 6 жылға түрмеге жабылды. Олар жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болды.
Сот үкімін оқып жатқанда сотталушылар мен олардың туыстары көз жасына ерік берді. Кейбірі үкіммен келіспей, наразы болды. Бірақ сотталушылар да, олардың қорғаушылары да үкімге қатысты пікір білдірмеді.
Айта кетейік, үкім заңды күшіне енген жоқ.
Сот істі тамыз айынан бастап қарай бастаған. Бұдан бұрын Шымкент қалалық прокуратурасы №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы басшылығы мен қызметкерлерінің заңсыз жүргізуші куәлігін рәсімдеуге жол берген 15 адамға қатысты істің сотқа жеткенін хабарлаған. Прокуратура дерегінше, күдіктілер бұл қызметі үшін 150 мың теңгеден бастап 400 мың теңгеге дейін ақы алып отырған. Сөйтіп айыпталушылардың табысы 150 миллион теңгеден асқан.