Ғалымдар ұзақ өмір сүруге көмектесетін бес қарапайым әдетті анықтады

Жарияланды 21 Желтоқсан 2025 17:20

Еңлік Нұрболат

Еңлік Нұрболат

автор
фото: shutterstock.com

Соңғы жылдары әлемде ұзақ өмір сүретіндер қатары артқан. lausanne.org жариялаған «Әлем халқының қартаяюы туралы» зерттеуінде 2022 жылы әлем халқының 10%-ы 65 жастан асқан болса, 2050 жылы 16%-ы, 2100 жылы әрбір төртінші адам 65-тен жоғары жаста болады. Бұған зерттеушілер бірнеше себеп барын айтады.

Адамдардың ұзақ өмір сүруге деген қызығушылығының артуы нәтижесінде қымбат тағамдық қоспалар, биохакинг пен «жасартатын» әдістердің тұтас индустриясы қалыптасты. Алайда өмірді ұзартудың шынайы құпиясы әлдеқайда қарапайым болып шықты. Ұлыбританиялық ғалымдар Генри Чунг пен Шарлотта Гауэрстің зерттеуіне сүйенсек, қартаюды баяулатудың жолы – дәрі-дәрмекпен әуестену, сәнді гаджеттерді сатып алу емес, күнделікті әдеттерді өзгерту.

Зерттеушілердің пікірінше, ұзақ өмір сүрудің кілті биологиялық жасты басқаруда жатыр. Бұл көрсеткіш адамның нақты физиологиялық жағдайын көрсетеді және күнтізбелік жастан айырмашылығы – оған тікелей әсер етуге болады. Ғалымдардың зерттеулері биологиялық жасқа ықпал ететін бес негізгі фактор бар екенін көрсетеді, әрі ол кез-келген адамға қолжетімді.

Дұрыс тамақтану

Сапалы тағамның өзі режим болмаса, тиімді нәтиже бермеуі мүмкін. Ғалымдар кешкі ас пен таңғы ас арасындағы 12-14 сағаттық үзіліс жасушалық деңгейде қалпына келу процестерін іске қосатынын айтады.

Зерттеулердің біріне қатысқан 45 жастағы әйел кешке ұйықтар алдында тіскебасар жеп, жеңіл ас ішетін. Алайда тұрақсыз жеңіл тамақтың өзі денсаулыққа айтарлықтай әсер ететіні анықталған. Тамақтану уақытын реттегеннен кейін, ұйқысы жақсарып, энергиясы артты және тәбеті тұрақталған. Мамандар мұны ағзаның физиологиялық қажеттілігі деп түсіндіреді.

2700 әйел қатысқан тағы бір зерттеуде тамақтанудың пайдалы түріне көшкеннен кейін,   6,12 ай аралығында қартаюдың баяулағаны байқалған. Сапалы тамақ түрі ретінде жеміс, көкөніс, жаңғақтар, балық, майсыз ақуыз, пайдалы майларды тұтынуды көбейтіп, ет, түрлі майлар, қант, натрийді қысқарту керек дейді.

Сонымен қатар зерттеуде диетаның қартаюды орташа есеппен 2,4 жылға дейін баяулатыны анықталған.

Сапалы ұйқы

Ұйқының жетіспеуі мен тұрақсыздығы қан тамырлары мен жүйке жүйесінің қартаюын жылдамдатады. Әсіресе, ұйқы режимінің үнемі өзгеруі – кеш жату, әртүрлі уақытта ояну – зиянды.

Сомнолог-дәрігерлер ұйқының тұрақты кестесі оның нақты ұзақтығынан да маңызды болуы мүмкін. екенін айтады. Яғни, 9-10 сағат ұйықтауға қарағанда нақты белгіленген уақытта ұйықтап, ояну маңызды. Ал 5 сағаттан аз ұйқы мен ұйқының қанбауы әртүрлі ауруларға әкеледі.

Ұлыбританияда 200 000 адам қатысқан зерттеуде түнгі ауысымда жұмыс істейтін адамдардың биологиялық жасы қалыпты кестемен істейтін адамдарға қарағанда 1 жасқа «кәрі» екенін анықталған.

Тұрақты қозғалыс

Зерттеулердің бірі қозғалыссыз өмір салтын ұстанып, кейін аптасына 60 минуттан үш рет жаттығу жасай бастағандардың кем дегенде екі жылға жасарғанын көрсетті.

Сондықтан қозғалыс маңызды. 40 жастан кейін бұлшық еттерге тұрақты жүктеме болмаса, адам жыл сайын олардың бір бөлігін жоғалта бастайды. Бұл қант диабеті, жүрек-қан тамыр ауруларының қаупін арттырып, егде жаста өздігінен қимылдау қабілетін төмендетеді.

Мысалы, зерттеулердің бірінде 52 жастағы ер адамда салмақ қалыпты, талдаулары «жақсы» болғанымен, бұлшық ет массасы төмен болды. Бірнеше жылдан кейін қандағы қант деңгейі өсіп, арқа ауруы пайда болды. Аптасына екі рет күш жаттығуларын бастаған соң көрсеткіштер қалыпқа келіп, жалпы жағдайы жақсарған.

Мамандар бұлшық еттер тек күшке емес, зат алмасуды, гормондық тепе-теңдікті және иммундық қорғанысты реттеуге қатысатынын, сондықтан оларды сақтау өмір сүру ұзақтығымен тікелей байланысты екенін айтады. Ал бұлшық еттің қалыпты болуы қозғалыспен тікелей байланысты.

Күйзелісті бақылау

Үздіксіз күйзеліс  жасушалық қартаюды тездетеді. Ал күн сайынғы қысқа, бірақ тұрақты үзілістер стресс гормондарының деңгейін төмендетеді.

Мамандардың айтуынша, күніне 10-15 минуттық тыныштық пен демалыс ұзақ демалыстан әлдеқайда тиімді.

Сонымен қатар күйзеліс тудыратын фактордың бірі – әлеуметтік оқшаулану. Бұл созылмалы күйзелісті күшейтіп, ағзадағы қабыну процестерін арттырады. Ұзақ мерзімді зерттеулер көрсеткендей, айналасымен тұрақты әлеуметтік байланысы бар адамдар ұзақ өмір сүріп, сирек ауырады.

Мысалы, зерттеуде 60 жастағы әйел зейнетке шыққан соң адамдармен араласуын азайтқан. Нәтижесінде ұйқысы бұзылып, иммунитеті төмендеген. Волонтерлік қызметке араласқаннан кейін, жағдайы қайта тұрақталған.

Жағымсыз әдеттерден арылу

Ішімдік ішіп, шылым шегу адамның өмірін 4-5 жылға қысқартады. 30-79 жас аралығындағы  8046 адам қатысқан зерттеуде ішімдіктің кез-келген түрін пайдалану биологиялық қартаюды тездететіні анықталған.

Сонымен қатар қазіргі зерттеулер өмірдің қысқа болуын ішек микрофлорасының жағдайымен де байланыстырады. Талшыққа бай әртүрлі тағамдар мен өңделген өнімдерді азайту иммунитетті қолдап, қабыну ауруларының қаупін төмендетеді. Сондықтан ішек микрфлорасының бұзылуына әсер ететін зиянды тағамдар мен сусындарды ішсеңіз, бұл жағымсыз әдеттен арылыңыз. 

Сондай-ақ профилактика маңызды. Тұрақты тексеріліп тұрыңыз, бұл ауру белгілері пайда болмай тұрып өзгерістерді анықтауға және ауыр салдарсыз түзетуге мүмкіндік береді.

Ең бастысы

Ұзақ өмір – қымбат технологиялар мен «сиқырлы таблеткалардың» нәтижесі емес. Ғылым мен тәжірибенің бұл бағыттағы пікірі бірдей: өмірді ұзарту басқаруға болатын күнделікті әдеттерден басталады.

Бұлшық етті сақтау, тамақтану режимі, тұрақты ұйқы, әлеуметтік байланыстар, күйзелісті бақылау және профилактика биологиялық жасты қалыптастырады. Ал ол өз кезегінде өмірдің ұзақтығын ғана емес, оның сапасын да анықтайды.

Еске сала кетсек, осыған дейін ел халқының денсаулықтарына жұмсайтын шығындары күрт – 14,9%-ға артқаны белгілі болды. Ал оның басым бөлігін тіс емдету сынды стоматологиялық қызметтер құрайды екен.

Сондай-ақ оқыңыз