Қырғызстан экономикалық өсімі жөнінен Қазақстан мен Ресейді басып озды

Қырғызстан жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көрсеткіші бойынша Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында көш бастады. Көрші елдің 2025 жылғы экономикалық өсімі 10%-дан асты. Бұл туралы ЕАЭО кеңесінде айтылды.
Құрамына Қазақстан, Армения, Беларусь, Ресей және Қырғызстан елдері кіретін ұйым экономикасы биыл айтарлықтай ілгерілегенін Ресей президенті Владимир Путин атап өткен.
«ЖІӨ де өсіп келеді. Бұл жағынан 10 пайыздан астам көрсеткішпен Қырғызстан алда келе жатыр. Өте жақсы көрсеткіш. Мен Қырғыстан президенті мен оның командасын осындай нәтижемен құттықтаймын», – деді Путин. Оның мәлімдемесін Кремль таратты.
2025 жылы Қырғызстан экономикасы өнеркәсіп, құрылыс, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы есебінен дамыды. 2025 жылғы қаңтар-қараша айында ЖІӨ өсімі 10,2% болды. Қазақстан экономикасының дәл осы уақыттағы өсімі – 6,4%.
ЕАЭО кеңесі аясында ұйымға мүше елдер мен Индонезия арасында еркін сауда аймағын құру туралы келісім қабылданды.