Қазақстан банктері ресейліктердің қаржы операцияларын қатаң тексере бастаған

Қазақстанның екінші деңгейлі банктері Ресеймен байланысты қаржы операцияларына комплаенс-бақылауды күшейтті. Бұл өзгеріс Еурокомиссияның Ресейді ақшаны жылыстату және терроризмді қаржыландыру тәуекелі жоғары елдер тізіміне енгізу туралы шешімінен кейін орын алып отыр. Бұл туралы РБК сайты халықаралық бизнеске кеңес беретін заңгерлер мен консультанттарға сілтеме жасап хабарлады.
Бұндай қатаң бақылауды Қазақстанмен қатар, Армения, Сербия, Тәжікстан және Оман елдерінің қаржы ұйымдары да енгізген.
Банктердің жұмыс тәжірибесіндегі өзгерістер желтоқсан айынан бастап байқала бастаған. Қатаңдатылған талап тек компанияларға ғана емес, Ресеймен қандай да бір байланысы бар жеке тұлғаларға да қатысты қолданылады.
O2 Consulting заң компаниясының мәліметінше, банктер төлемдерді өңдеу мерзімін ұзартып, клиенттерден қосымша құжаттар мен санкциялық тізімдерде жоқ екенін растайтын дәлелдерді жиі талап ете бастаған. Кейбір жағдайларда қаржы операцияларын жүргізуден толық бас тартқан.
Ұлыбритания 18 желтоқсанда Ресейдің бірнеше мұнай компаниясына қарсы санкция салған. Олардың арасында «Татнефть» пен «Русснефть» бар.